Қазақстанға Конго Республикасының Президенті Дени Сассу-Нгессо келді
- авторjambylinfo.kz
- 2 тамыз, 2024
- 318
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен
Конго Республикасының президенті Дени Сассу-Нгессоны «Ақорда» резиденциясында салтанатты қарсы алу рәсімі өтті, Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дени Сассу-Нгессо бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы рапорт беріп, екі елдің әнұрандары орындалды.
Салтанатты рәсімнен кейін Қазақстан мен Конго президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.
Мемлекет басшысы Конго Президентінің қазақ жеріне алғашқы сапары екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырғанын атап өтті.
– Біз Конго Республикасын Африка құрлығындағы маңызды серіктес ретінде қарастырамыз. Екі ел бір-бірінен қашықта орналасқан. Соған қарамастан өзара байланысты жан-жақты дамытуға мүдделіміз. Қазақстан мен Конго ынтымақтастығының әлеуеті өте жоғары. Әсіресе, сауда-экономика, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, тау-кен, өндіріс пен инвестиция, жаңа технологиялар мен ғарышты игеру бағыттары бойынша екі ел арасындағы ықпалдастықты жандандыру қажет. Бүгінгі қол қойылатын құжаттар саяси және экономикалық ынтымақтастықты дамытуға тың серпін береді деп сенемін. Осы ниетіміздің айғағы ретінде біз Конгоға Елші тағайындаймыз, – деді Президент.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз