Жаңалықтар

Қазақстан азаматтығын алу: тестілеуге өтініш қабылдау мерзімі белгілі болды

Тестілеу уақыты – 2 сағат 10 минут. Мүмкіндігі шектеулі (мүгедектігі бар) тұлғаларға тестілеу тапсыру үшін қосымша 30 минут беріледі.

Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға үміткерлер үшін тестілеуге өтініш қабылдау 3-10 ақпан аралығында өтеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz  Ұлттық тестілеу орталығына сілтеме жасап. 

Орталықтың мәліметінше, өтініш беру Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайтында немесе UTO қосымшасы арқылы жүргізіледі. Тестілеу 11 ақпанда өтеді.

Тестілеу 3 бөлімнен тұрады:

қазақ тілі бойынша тест (қазақ тілінде) – 30 тапсырма, шекті балл – 15;

Қазақстан Республикасы Конституциясының негіздері бойынша тест (қазақ немесе орыс тілінде) – 40 тапсырма, шекті балл – 20;

Қазақстан тарихы бойынша тест (қазақ немесе орыс тілінде) – 30 тапсырма, шекті балл – 15.

Ең жоғары балл – 100, шекті балл –  50.