Қазақстан үкіметі 1,7 млрд теңгеге қандай нысандар салынатынын айтты

Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлімдеді
Ақмола облысының 10 ауылында қайтарылған активтер есебінен жаңа медициналық нысандар салынады, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Осы мақсатта Арнаулы мемлекеттік қордан 1,7 млрд теңге бөлініп, бірнеше ауылда фельдшерлік-акушерлік пункттер (ФАП) мен дәрігерлік амбулаториялардың құрылысын аяқтау туралы шешім қабылданды.
Жалпы, төрт дәрігерлік амбулатория, бес фельдшерлік-акушерлік пункт және бір медициналық пункт салынады. Бұл ауыл тұрғындарының сапалы медициналық көмекке қолжетімділігін арттырып, әр ауысымда 405 адамды қабылдауға мүмкіндік береді.
Дәрігерлік амбулаториялар Аршалы ауданының Арнасай, Астрахан ауданының Ескі Қалқұтан, Жарқайың ауданының Пятигорское, Целиноград ауданының Жаңа Есіл ауылдарында бой көтереді.
Ал фельдшерлік-акушерлік пункттер Жақсы ауданының Киров, Целиноград ауданының Жарлыкөл, Бұланды ауданының Партизанка және Алтынды, Шортанды ауданының Пригородное ауылдарында салынады.
Сонымен қатар, Целиноград ауданының Шалқар ауылында жаңа медициналық пункт ашылады. Бұл бастама ауылдық аймақтарда медициналық қызмет сапасын жақсартып, халықтың денсаулығын қорғауға үлкен үлес қоспақ.