Қазақстан Ұлттық банкі Берлинде жаңа монетаның таныстырылымын жасады
- авторАрайлы Жақсылық
- 28 ақпан, 2025
- 187

Халықаралық сарапшылар бұл жобаның жаңашылдығын, қаржылық сауаттылыққа баса назар аударылуын, сондай-ақ Қазақстанның теңге сарайы шығарған ÚKI алтын инвестициялық монетасының сапасы мен бірегей дизайнын жоғары бағалады, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Белгілі болғандай, монетаның инновациялық тұжырымдамасын Ұлттық банктің дизайнерлері әзірлеген.
«Монетаның жаңашыл тұжырымдамасын Ұлттық банк дизайнерлері дайындады. Ол 999,9 сынамалы таза алтыннан жасалған. Номиналы – 100 теңге, ал салмағы 31,1 грамм. Монетаны Astana International Exchange (AIX) биржасының «TABYS» мобильді қосымшасы арқылы сатып алуға болады», – деп хабарлады Ұлттық банктің баспасөз қызметі.
World Money Fair – әлемдегі ең ірі нумизматикалық алаң, ол жыл сайын халықаралық монета қауымдастығын біріктіреді. Бұл шараға орталық банктердің, теңге сарайларының, монета жасау жабдықтарын өндіруші компаниялардың өкілдері, дизайнерлер мен ірі нумизматикалық басылымдардың сарапшылары қатысады. Қазақстан Ұлттық банкі бұл көрмеге 2000 жылдан бері жыл сайын қатысып келеді.
Бұған дейін Ұлттық банк қолма-қол шетел валютасын сатып алу мен сату бағамдары арасындағы айырмашылықтың (спрэдтің) шекті деңгейін белгілеу туралы түсініктеме беріп, оның қажеттілігін түсіндірген болатын.