Жаңалықтар
Қазақстан мен Германия ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі
- авторjambylinfo.kz
- 23 қараша, 2023
- 203
Қазақстан мен Германия ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым- Жомарт Тоқаев 28-29 қыркүйекте Германия Федеративтік Республикасына ресми сапармен барды. Сапар барысында Мемлекет басшысы Федералдық канцлер Олаф Шольцпен бетпе-бет форматында келіссөз жүргізді, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Кездесуде тараптар екіжақты қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, қазақ-герман байланыстарын одан әрі кешенді түрде нығайтуға өзара мүдделі екенін растады. Екі ел басшылары ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын айқындап, сауда-экономика, инвестиция, көлік-логистика, «жасыл» энергетика және басқа да салалардағы ықпалдастықты жандандыруға уағдаласты. Президент пен канцлер өңірлік және халықаралық өзекті мәселелер жөнінде де пікір алмасты. Сонымен қатар, Президент Орталық Азия және Германия мемлекеттері басшыларының кездесуіне қатысты. Бұдан бөлек, сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық Berlin Global Dialogue форумында сөз сөйледі және Германияның іскерлік қоғамдастығы өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді.
Канцлермен кеңейтілген келіссөз
Германияға сапарының алғашқы күнінде Қасым-Жомарт Тоқаев Федералдық канцлер Олаф Шольцпен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Президент еліміздің Еуропа Одағындағы негізгі серіктесі – Германиямен арадағы ынтымақтастықты дамытуға Қазақстан айрықша мән беретініне назар аударды. Мемлекет басшысының айтуынша, Астана мен Берлин барлық деңгейде белсенді әрі өзара сенімді саяси диалог жүргізіп келе жатыр және көпжақты алаңдар аясында тығыз қарым-қатынас орнатқан. Бүгінде Германия – Қазақстан экономикасына қаржы құйған жетекші инвесторлардың және ең ірі сауда серіктестерінің бірі. Германияның Орталық Азия өңірімен сауда-саттығының шамамен 83 пайызы Қазақстанның үлесіне тиесілі. 2022 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы 25 пайызға өсіп, 2,8 миллиард долларды құрады.
Мемлекет басшысы сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі нығайтудың әлеуеті зор және отандық нарыққа Германия бизнесінің барынша көбірек келуі үшін Қазақстан барлық қажетті жағдайды жасауға дайын екенін атап өтті. Мұнай-газ химиясы, сирек кездесетін металлургия өнеркәсібі, «жасыл» энергетика, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы салалары басым бағыттар ретінде анықталды. Қасым-Жомарт Тоқаев нақты қадам ретінде жеке неміс инвесторлары қатысатын жобаларды қаржыландыру бойынша екіжақты жұмыс тобының қолдауымен шикізатты бірлесе игеру жобаларын іске асыру жөніндегі консорциум құруды ұсынды. Көлік-транзит саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Германия тарапын Транскаспий бағытының әлеуетін пайдалануға, сондай-ақ Каспийдегі Ақтау және Құрық порттарының инфрақұрылымын дамыту ісіне қатысуға шақырды. Сонымен қатар, неміс тарапын жаңартылатын энергия көздерін, соның ішінде «жасыл» сутегін дамыту үшін анағұрлым тығыз қарым-қатынас орнатуға үндеді. Бұл ретте Маңғыстау облысында Svevind Energy немісшвед компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан «жасыл» сутегін өндіру жобасының маңыздылығы атап өтілді. Сонымен қатар, Президент неміс әріптестерінің назарын Қазақстан азаматтарына қатысты виза режимін жеңілдету мүмкіндігіне аударды.
Өз кезегінде Олаф Шольц Германия тарапының Қазақстанмен жанжақты ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін растады. Канцлер Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды саяси және әлеуметтік экономикалық реформаларды толық қолдайтынын әрі оған оң баға беретінін жеткізді. Германия тарапы Қазақстанмен арадағы саудаэкономикалық және инвестициялық байланыстарды нығайтуға дайын екенін нақтылады. Атап айтқанда, мұнай жеткізу көлемін ұлғайтуға, жеткізу тізбегін әртараптандыруға және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қызығушылық танытты. Сондай-ақ, екі елдің шағын және орта бизнес өкілдері үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында бірлескен жұмысты жандандыруға баса мән берілді.
БАҚ үшін бірлескен мәлімдеме
Қазақстан Президентімен Германияның Федералдық канцлері жоғары деңгейде өткен келіссөздерден кейін бұқаралық ақпарат құралдары үшін бірлескен мәлімдеме жасады. «Германия – Қазақстанның Еуропа Одағындағы стратегиялық серіктесі, әсіресе өзара сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстар жолға қойылған. Сондықтан, екі елдің ынтымақтастығын нығайтуға баса мән береміз. Біз бүгін Қазақстан мен Германия арасындағы байланыстарды одан әрі дамытуға ерекше назар аудардық», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент жүргізілген келіссөздер қазақ-герман қатынастарын одан әрі нығайтуға екі тараптың ниетті екенін тағы да растағанын атап өтті. Мұнайгаз химиясы, металлургия, көлік және логистика секілді перспективті салаларда бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері жан-жақты қарастырылғанын айтты. Қазақстан тарапының жетекші еуропалық компаниялармен қол жеткізген уағдаластықтарын жоғары бағалады. Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика саласындағы кооперацияны дамытуды басты басымдықтардың бірі ретінде атады. Қазақстан жыл басынан бері Германияға «Достық» мұнай құбыры арқылы 500 мың тонна мұнай жөнелтті. Мұның бәрі өзара келісімнің нәтижесінде жүзеге асты. Қазақстан мен Германияның бәсекелестіктегі артықшылықтарын «шикізат, өнеркәсіп және технология» формуласына сай үйлестіру екі тарап үшін айтарлықтай тиімді болмақ. Президент канцлерге шикізатты игеру жөніндегі бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін консорциум құруды ұсынды. ҚасымЖомарт Тоқаевтың пікірінше, агроөнеркәсіп секторындағы, сондайақ қаржы, инновация, цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықты нығайту үшін мол мүмкіндік бар.
Федералдық канцлер Олаф Шольц өз сөзінде Қазақстан Германияның Орталық Азиядағы жетекші саудаэкономикалық серіктесі екенін атап өтті. Сондай-ақ, энергетика, орнықты даму, цифрландыру және климаттың өзгеруіне қарсы күрес салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтудің маңызды екенін айтты. Бұдан бөлек, канцлер Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан реформаларды толық қолдайтынын мәлімдеді.
Қазақстан мен Германия басшылары бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берді. Атап айтқанда, Мемлекет басшысына Қазақстанның Ресеймен қарым-қатынасы жөнінде, Украина төңірегіндегі қақтығыстарға қатысты сұрақтар қойылды. «Қазақстан санкциялық режимді ұстанатынын бірден ашық айтты. Оны сақтау бойынша тиісті ұйымдармен байланыстамыз әрі осы режимді айналып өтуге бағытталған ықтимал іс-әрекеттерге қатысты қандай да бір қауіп болмауы керек деп ойлаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Көршілес екі ел арасындағы шекара әлдеқашан делимитацияланғанын және айтарлықтай дәрежеде шегенделгенін атап өткен Президент: «Екі елдің парламенттері оны ратификациялап, мақұлдаған. Сондықтан, Ресей тарапынан қандай да бір территориялық талаптар туындайды деп біз еш алаңдамаймыз. Украинадағы шиеленіске келетін болсақ, Қазақстан БҰҰ жарғысы негізінде бейбіт келіссөздер жүргізуді, соғыс қимылдарын дереу доғаруды жақтайды. Бүгін құрметті канцлер мырзаға жағдайдың өте ауыр екенін айттым. Украиналық және ресейлік тарап та келіссөздерге дайын екендіктерін айтады, бірақ келіссөздер платформасы әлі анықталмаған», – деді.
Berlin Global Dialogue форумында не айтылды?
Бірінші Berlin Global Dialogue форумына қатысқан Қасым-Жомарт Тоқаев «Көшбасшылар диалогы» сессиясында Қазақстанның жаһандық экономикалық процестердегі рөлі туралы өз көзқарасын айтты. «Ондаған жылдар бойғы жаһандану мен интеграция үдерісінен кейін әлем қазір бетбұрыс кезеңінде тұр. Қақтығыстар, геосаяси шиеленістер, нарықтардағы келеңсіздіктер және сауда саласындағы даулар әлемдік саяси және экономикалық тұрақтылыққа сызат түсіруде, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пікірінше, жаһандық экономикалық өзекті проблемаларды шешуге ықпал ететін жаңа әмбебап құндылықтар қажет. Әйтпесе, адамзат дүниежүзілік сауданың бұрынсоңды болмаған бөлшектенуіне тап болады. Бұл әлемдік ЖІӨ-нің 7 пайызға құлдырауына әкеп соқтыруы мүмкін. Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің басым бөлігін еліміздің халықаралық экономикалық байланыстарды тұрақтандыру ісіндегі рөліне арнады. «Еуразиядағы екінші ірі мұнай қорына ие Қазақстан әлемдік нарықтарға энергетикалық ресурстардың ірі жеткізушісі саналады. Біздің мұнай экспортының 70 пайызы Еуропа Одағына шығарылатынын ескере отырып, экспорттық әлеуетімізді кеңейтуге және жаһандық энергетикалық дағдарысты жеңілдетуге үлес қосуға дайынбыз», – деді Мемлекет басшысы.
Президент форум қатысушыларына ұлттық экономиканы дамытудың перспективалары туралы мәлімет берді. «Былтыр Қазақстан экспорты 40 пайызға жуық өсті. Біздің ЖІӨнің едәуір бөлігі әлі де энергетика секторына тиесілі болғанымен, экономиканы әртараптандыруға күш саламыз. Автомобиль құрастыру, фармацевтика, металл өңдеу және машина жасау салаларындағы өсімді қамтамасыз ете отырып, Қазақстан бизнес жасауға ерекше қолайлы орта қалыптастыру арқылы шетелден кең көлемде инвестиция тартуды жалғастырып отыр», деген Қасым-Жомарт Тоқаев форумға қатысушылардың назарын Қазақстанмен экономикалық серіктестік орнатуға жол ашатын перспективаларға аударды. Атап айтқанда, Транскаспий халықаралық көлік бағдары немесе «Орта дәліз» аймақтағы сауда мен инвестиция үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл бағыт қазіргі қолданыстағы теңіз жолдарымен тасымалданатын тауарлардың транзиттік уақытын екі есе қысқартады. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қазақстанның аймақта бірінші болып Париж келісімін ратификациялағанын және 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын қабылдағанын айтты. Бұл салада да ірі халықаралық жобалар жүзеге асырылып жатыр. «Германия мен Швецияның бірлескен Svevind компаниясы жылына 2 миллион тонна «жасыл» сутегін өндіруге бағытталған Қазақстандағы жобасына 50 миллиард доллар инвестиция салып отыр. Бұдан бөлек, шикізат пен руданы жергілікті жерде өңдеп, содан кейін Еуропа Одағына мүше елдерге экспорттауға дайын кәсіпорындар үшін инвестициялық мүмкіндіктерге жол ашылады. Арзан энергия, мемлекеттің қолдауы және бәсекеге қабілетті еңбек құны бұл ұсыныстың тиімділігін арттыра түседі», – деген Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның шын мәнінде жаһандық және сенімді сауда-экономикалық серіктеске айналғанына сенім білдірді.
Мемлекет басшысы сөзінің соңында баршаға ортақ өркендеген әрі инклюзивті болашақ құру үшін күш жұмылдырудың маңызды екенін атап өтті. «Биылғы жылдың маусым айында менің бастамаммен бірінші Астана халықаралық форумын өткіздік. Бұл бірегей әрі инклюзивті алаң геосаяси тұрғыдан жікке бөлініп жатқан жағдайда жаһандық ынтымақтастық пен диалогты ілгерілету үшін құрылды. Berlin Global Dialogue және Астана халықаралық форумы – Еуропа мен Еуразиядағы халықаралық диалог үшін маңызды алаңдар. Олар өздерінің жаһандық проблемаларды шешуге бағытталған күш-жігерін жандандыра алады деп үміттенемін», – деді ҚасымЖомарт Тоқаев.
Бірінші Berlin Global Dialogue форумына Германияның Федералдық канцлері Олаф Шольц, Еуропалық кеңестің президенті Шарль Мишель, Бельгияның премьер-министрі Александр де Кроо, Албанияның премьер-министрі Эди Рама және басқа да жоғары лауазымды саясаткерлер, халықаралық компаниялар мен қаржы институттарының басшылары қатысты.
Президенттер уағдаласты
Қазақстан Президенті Германия Федеративтік Республикасына ресми сапарының екінші күнінде Bellevue резиденциясына келді. Қасым-Жомарт Тоқаевты Германияның Федералдық президенті Франк-Вальтер Штайнмайер қарсы алды.
Тараптар Германия президентінің таяуда Қазақстанға жасаған сапары аясында қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асырылу барысын қарастырды. Атап айтқанда, энергетика, транзит, логистика, пайдалы қазбаларды игеру, жаңартылатын энергия көздері, ауыл шаруашылығы және цифрландыру секілді ынтымақтастықтың басым бағыттарына қатысты бірлескен жұмыстарды талқылады. Келіссөз барысында мәдени-гуманитарлық байланыстарды, сондай-ақ екі елдің ғылыми және білім беру ұйымдары арасындағы қатынастарды нығайту мәселесіне баса мән берілді. Қасым-Жомарт Тоқаев пен ФранкВальтер Штайнмайер Қазақстан мен Германияның көпжақты ынтымақтастығын одан әрі нығайту үшін бірлескен іс-қимылдарды арттыра түсуге уағдаласты.
Екі елдің іскер топтары дөңгелек үстелде бас қосты
Қазақстан Президенті Германия экономикасы Шығыс комитетінің (ГЭШК) ұйымдастыруымен өткен екі ел іскер топтарының дөңгелек үстеліне қатысты.
Мемлекет басшысы өз сөзінде геосаяси дүрбелеңге қарамастан, былтыр екіжақты тауар айналымы 25 пайызға өскенін атап өтті. Оның айтуынша, Германия бизнесі Қазақстанға 6 миллиард долларға жуық инвестиция салған. Бұл инвестицияның 90 пайызға жуығы шикізаттық емес секторға тиесілі. Жалпы елімізде Германия капиталының үлесі бар мыңнан астам компания жұмыс істейді. Қасым-Жомарт Тоқаев Германияның табандылық, нақтылық және жауапкершілік қағидаттарына негізделген бизнес жүргізу тәсілін жоғары бағалады. Сондай-ақ, «Қазақстанда неміс сапасына сай жасалған» формула бойынша өнім шығаратын өндіріс орындарын ашуға мүдделі екенін айтты. Мемлекет басшысы өзара ынтымақтастықтың бірқатар перспективті бағытын атап өтті. Президенттің айтуынша, Қазақстан, ең алдымен, Германия және Еуропа өнеркәсібіне қажетті табиғи ресурстар мен маңызды шикізат саласында сенімді серіктес болуға дайын.
Президент жаңартылатын энергия көздері саласындағы ынтымақтастықты тағы бір перспективті бағыт ретінде атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев «жасыл» сутегінің әлемдегі жетекші өндірушісі болу үшін елімізде барлық алғышарт бар екеніне тоқталды. Ынтымақтастықтың тағы бір саласы – көлік-логистика әлеуетін пайдалану. Мемлекет басшысының айтуынша, жаңа геосаяси жағдайда Еуропа мен Азия арасындағы байланысты қамтамасыз ету үшін «Орта дәліздің» маңызы артып келеді. Президент ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты ілгерілету үшін мол мүмкіндік бар екенін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, ынтымақтастықтың тағы бір басым бағыты IT технология саласы бола алады. Президент Қазақстанның цифрлық трансформация бағытындағы бастамалары әлемдік деңгейде мойындалғанын атап өтті. БҰҰ біздің электронды үкімет жүйесін ТОП-30 тізіміне енгізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Германия бизнесмендерін Қазақстан экономикасын әртараптандыруға, жаңа өндіріс орындарын ашуға және озық неміс технологияларын енгізуге бағытталған жобаларды жүзеге асыруға белсенді қатысуға шақырды.
Жиын барысында Германия экономикасы Шығыс комитетінің басқарма төрағасы Катрина КлаасМюльхойзер, Германия өнеркәсібі федералдық одағының (BDI) басқарма мүшесі Вольфганг Нидермарк, сондайақ Deutsche Bahn, Knauf, Wilo, BASF, Rhenus, Svevind және басқа да бірқатар ірі компанияның топ-менеджерлері баяндама жасап, Қазақстанмен арадағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективалары туралы ой-пікірлерін ортаға салды.
Германия экономикасының Шығыс комитеті – Германия Федеративтік Республикасының Орталық, Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Еуропа, Оңтүстік Кавказ және Орталық Азиядағы 29 елге арналған аймақтық бастамасы. Шығыс комитетіне Германия экономикасының алты жетекші одағы қолдау көрсетеді және оған 400-ге жуық компания мүше.
Мемлекет басшысы сондайақ, немістің бірқатар белгілі компанияларының басшыларымен кездесті.
Германия сапарының саяси мәні неде?
Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін 2019 жылдың желтоқсанында Берлинге, сондай-ақ 2020 жылдың ақпанында Қауіпсіздік жөніндегі халықаралық конференцияға қатысу шеңберінде Мюнхенге ресми сапармен барған болатын. Дегенмен әр сапардың өз ерекшелігі, ресми, саяси мәні болады. Қазақстан Президентінің дәл осы жолғы сапарынан не күтуге болады? Бұл туралы саясаттанушы, сарапшылардың пікірі қандай?
Дипломат, саяси сарапшы Қазыбек Бейсебаевтың пікірінше, қазір Орталық Азияға қызығып отырғандардың қарасы көп. Оның Қазақстан үшін пайдалы тұстары да жоқ емес екен. Әлемдегі дамыған алпауыт елдердің барлығы Орталық Азиямен экономикалық, дипломатиялық тығыз қарым-қатынаста болғысы келеді. Бұл біз секілді дамушы мемлекеттің экономикасы үшін өте тиімді. Сондықтан, Мемлекет басшысының Германияға кезекті сапары екі ел арасында бұған дейін қалыптасқан экономикалық, дипломатиялық қатынастарды одан әрі нығайтады деген сенім бар.
Расында да дамушы елдер қатарына енетін Қазақстан үшін Германия сынды нарықтағы беделі жоғары елмен қарым-қатынаста болу өте маңызды. Екі ел арасындағы байланыс 1991 жылдың 31 желтоқсанында, Германия Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін таныған кезден бастау алады. Ал 1992 жылы 11 ақпанда дипломатиялық қатынастар орнатылды. Германияның Орталық Азияға, оның ішінде Қазақстанға деген көзқарасы ешқашан қырын болған емес. Сонымен қатар, Қазақстан мен Германия БҰҰ, ЕҚЫҰ секілді бірнеше халықаралық ұйымдардың шеңберінде белсенді өзара іс-қимыл жасауда. Мемлекет басшысының Германияға кезекті сапары да барлық бағытта тиімді болмақ. Себебі, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Германияның Федералды президенті Франк-Вальтер Штайнмайер Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген еді. Сапар аясында екі мемлекет басшылары ҚазақстанГермания стратегиялық серіктестігін нығайту мәселелері бойынша келіссөз жүргізіп, оның қорытындысы бойынша бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылды. Сарапшылардың пікірінше, Германияны Еуропадағы көшбасшы ел ретінде танысақ, бұлай қызығушылық танытуы бекер емес және бұл біздің мемлекет үшін де үлкен мүмкіндік болмақ. Өйткені, Германия астық импорттаудан алдыңғы қатардағы мемлекет. Сонымен қатар, қазірдің өзінде Қазақстан мен Германия арасында «жасыл» экономика бағытында әріптестік жүзеге асып жатыр. Сондай-ақ, жолдауда айтылған Қазақстандағы кен орындарына геологиялық зерттеу жүргізу бойынша да екі ел арасында келісім бар.
Дайындаған Жүрсінгүл ЖАҚЫП.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала