Жаңалықтар

Қазақстан мен Латвия арасындағы жүк айналымы 23%-ға артты

Қазақстан мен Латвия арасындағы жүк айналымы 23%-ға артты

Өткен жылдармен салыстырғанда Қазақстан мен Латвия арасындағы жүк айналымының көлемі 23%-ға артты. Бұл туралы Латвияның Көлік министрінің орынбасары Улдис Рейманис айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Спикер көлік айналымы негізінен Қазақстаннан келетін теміржол транзиттік жүктер, әсіресе, көмір есебінен артқанын атап өтті. Сонымен қатар, Латвиядан өтетін ферроқорытпалар да айналымның өсуіне әсер етті. «Біз биыл тауар айналымын тағы 10%-ға ұлғайтсақ деп ойлап отырмыз. Тасымалдау жағынан әзірге ешқандай қиындық жоқ, барлық мәселенің шешімі бар. Біз бүгін Қазақстан делегациясымен тасымалдау, жылдам және кедендік қызмет көрсету тақырыбын талқылаймыз. Инфрақұрылымға келер болсақ, ол транзиттік тасымалдауға қатысты барлық мәселелерге сәйкес келеді», - деді Улдис Рейманис «NEW SILK WAY» V Халықаралық көліктік-логистикалық бизнес форумында. Улдис Рейманис аталмыш форум аясында екі елдің делегаттары теңіз және теміржол тасымалдарын дамытуды талқылағанын, сондай-ақ, Қазақстан мен Латвияны мультимодальдық тасымалдар байланыстыратынын атап өтті.