Жаңалықтар

Қазақстан мен Ұлыбритания басым салаларда экономикалық серіктестікті тереңдетуде

Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаевтың Лондонға сапары аясында Ұлыбританияның Бизнес және сауда министрінің міндетін атқарушы, сондай-ақ Қазақстан-Ұлыбритания сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссиясының тең төрағасы Крис Брайантпен кездесуі өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Сұхбат барысында тараптар саяси диалогтың оң серпіні мен екіжақты сауда көлемінің айтарлықтай өскенін атап өтті. Өткен жылы өзара сауда айналымы 1,6 млрд АҚШ долларына жетіп, 84 пайызға ұлғайған. Ұлыбританияның инвестициялық белсенділігіне ерекше назар аударылды: бүгінде Қазақстанда британ капиталының қатысуымен 500-ден астам компания табысты жұмыс істеп келеді. Олар маңызды минералдар, жасыл энергетика, цифрлық технологиялар және жасанды интеллект сияқты басым салаларда жобаларды іске асыруда.     

Энергетика саласында тараптар Қазақстан мұнайының Еуропаға тұрақты жеткізілуін және британ компанияларымен ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін талқылады.

Е.Көшербаев маңызды минералдар секторын дамытудың стратегиялық маңызына ерекше тоқталып, «Rio Tinto» және «Maritime House» компанияларымен бірлескен табысты жобаларды атап өтті. Қол қойылған Маңызды минералдар жөніндегі жол картасы шеңберінде сирек жер элементтерін өндіру және қайта өңдеу бағытындағы ынтымақтастықты жандандыру жөнінде келісімге қол жеткізілді.

Өткен жылы жарияланған Ұлыбританияның маңызды минералдар жөніндегі стратегиясына айрықша назар аударылды, онда Қазақстан тиімді әрі ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың үлгісі ретінде көрсетілген. Ұлыбритания стратегиялық маңызы бар деп айқындаған 36 минералдың 22-сі бүгінде Қазақстанда өндіріледі. Олардың қатарында уран, титан, кремний және рений бар. Бұл еліміздің тұрақты әрі сенімді жеткізу тізбегін қамтамасыз етудегі маңызды серіктес ретіндегі рөлін растайды.

Сұхбаттастар қазіргі таңда бұл саладағы ынтымақтастық нақты жобалар кезеңіне өтті деген пікірге келді. Басымдық қосылған құн қалыптастыруға, яғни қайта өңдеу және тазарту өндірістерін дамытуға, ілеспе компоненттерді бөліп алуға, тиісті сервистік қызметтер ұсынуға, заманауи қайта өңдеу қуаттарын құру мен жобаларды қаржылық сүйемелдеудің ашық тетіктерін енгізуге бағытталған.

Келіссөздердің жекелеген бөлігі білім беру саласындағы бастамаларға арналды. Атап айтқанда, Алматы қаласында «Coventry University» жаңа кампусының ашылуы және «Heriot-Watt University» қызметін кеңейту жоспарлары талқыланды. Е.Көшербаев қос диплом бағдарламаларының, академиялық ұтқырлық пен тағылымдамалардың жүзеге асырылып жатқанын, сондай-ақ қазақ тілінің алғашқы Оксфорд сөздігінің жарық көруін және «Oxford University»-де қазақ тілі курстарының іске қосылғанын атап өтті.

Тараптар цифрлық және технологиялық серіктестіктің перспективаларын, оның ішінде «OneWeb» компаниясымен өзара іс-қимылды және жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселесін талқылады. Сондай-ақ ұлттық денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуға британ сарапшылары мен компанияларының белсенді қатысып отырғаны аталып өтті.

Кездесу қорытындысында К.Брайант Ұлыбританияның Қазақстанмен стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдетуге, негізгі жобаларды іске асыруға және экономика, ғылым мен технология салаларында нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін үкіметаралық диалогты кеңейтуге дайын екенін білдірді.