Қазақстан мен Моңғолия президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді
Бұл туралы Ақорда хабарлады
Қазақстан мен Моңғолия президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев қонақжайлық көрсеткені үшін Ухнаагийн Хурэлсухке ризашылық білдіріп, өзінің Мемлекет басшысы ретіндегі Моңғолияға алғашқы сапарына ерекше мән беретінін атап өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Мемлекет басшысының айтуынша, Моңғолия – Қазақстанның маңызды серіктестерінің бірі. Қос халықтың дәстүрі мен мәдени-тарихи тамыры ортақ.
Ухнаагийн Хурэлсух Қазақстан Президентінің Моңғолияға мемлекеттік сапары екіжақты ынтымақтастықты мүлдем жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді
Мазмұнды әңгімелесу барысында мемлекеттер басшылары саяси, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды дамыту перспективасына айрықша мән берді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы, тау-кен және металлургия кешені, энергетика, көлік-логистика, қаржы салаларындағы қарым-қатынас мәселелері талқыланды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірлескен жобалар мен қол қойылған құжаттарды сапалы жүзеге асырудың мәні зор екенін атап өтті.
Президенттер халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, соның ішінде көпжақты құрылымдар аясындағы ықпалдастық жөнінде пікір алмасты.
Кездесу соңында Моңғолия Президенті Мемлекет басшысына 60 мыңнан астам сөз енген Қазақ-моңғол сөздігін сыйға тартты.