Жаңалықтар

Қазақстан мен Швеция: Бірлескен жобалар мен жаңа бастамалар

ҚР Туризм және спорт министрлігі мен Швеция елшілігі туризм және спортты дамытуға бағытталған жоспарларды талқылады

Бұл туралы Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Қазақстанның Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Швеция Корольдігінің Қазақстандағы елшісі Ева Пуланомен кездесті. Жүздесу барысында тараптар туризм және спорт саласындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне ерекше назар аударды.

Әңгіме барысында қысқы спорт түрлерін дамыту, бірлескен оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыру және спортшылар арасындағы тәжірибе алмасу мәселелері талқыланды.

«Швеция қысқы спорт түрлері бойынша әлемнің үздік елдерінің бірі. Біз 2024 жылы Швецияның Фалун қаласында өткізілген жаттығу жиындарынан мол тәжірибе алдық. Бұл бағыттағы ынтымақтастықты одан әрі жалғастырып, жаңа мүмкіндіктерді зерттеу маңызды», – деді Ербол Мырзабосынов.

Сонымен қатар, министр туризм саласындағы серіктестікті тереңдету қажеттігін айтты. Оның пікірінше, бұл сала екі ел арасындағы экономикалық және мәдени байланыстарды дамытуға ықпал етеді.

Қазақстан мен Швеция туризм және спорт бағытындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін растады. Тараптар ұзақ мерзімді және нәтижелі әріптестікке үміт білдірді.

 

Бақытжан Бекболат