Жаңалықтар

Қазақстан мен Вьетнам арасында ұшақ қатынайтын болды

Қазақстан мен Вьетнам арасында ұшақ қатынайтын болды

Вьетнамның Камрань қаласы мен Алматы арасында ұшақ қатынайтын болды. Алғашқы рейс 10 қазанда жасалмақ, деп хабарлайды Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметі. «23 тамызда ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев Вьетнам Социалистік Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Фам Тхай Ньы Май және «Vietjet Air» әуе компаниясының өкілі Нгуен Чи Таммен кездесті. Кездесу барысында Вьетнам тарапы Қазақстанға тұрақты жолаушылар рейстерін орындауға дайындығын білдірді. Ағымдағы жылдың 10 қазанында Камрань – Алматы бағыты бойынша «Vietjet Air» әуе компаниясының алғашқы рейсін ашу жоспарлануда. Сонымен қатар, авиакомпания Камрань қаласынан Нұр-Сұлтан қаласына рейстер ашуды жоспарлап отыр. Рейстер Airbus А-330 типті әуе кемелерімен аптасына 2-3 рет жиілікпен орындалады» делінген хабарламада. В едомство мәліметіне сай, қазіргі уақытта «Vietjet Air» авиакомпаниясы Қазақстан аумағында шетелдік авиатасымалдаушы ретінде аккредиттеуден өтуге дайындалуда. Тараптар екі ел арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық, туристік және мәдени ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін тікелей әуе қатынасының маңыздылығын атап өтті. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Вьетнам арасындағы тікелей тұрақты әуе қатынасын жаңарту жөніндегі жұмысты жалғастыруға келісті.