Жаңалықтар

Қазақстан оқушылары Ұлыбританияда өткен робототехника олимпиадасында рекорд орнатты

Қазақстан оқушылары Ұлыбританияда өткен робототехника олимпиадасында рекорд орнатты

Қазақстандық оқушылар екі бірдей «FIRST Tech Challenge UK and Ireland» маусымаралық олимпиадасында жеңіске жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бұл жеңістер оқушыларға әлемнің жетекші университеттеріне түсуге мүмкіндік береді. Оқушыларымыз 20 ойынның 19-ында рекордтық ұпаймен жеңіске жетті және қазылар алқасының 3 номинациясын ұтып алып, жарыста рекорд орнатты. Ұлттық құрама сапында 15-17 жас аралығындағы 12 оқушы өнер көрсетті. Оның барлығы - робототехника бойынша қазақстандық және халықаралық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері. Бірінші «FIRST Tech Challenge – West Midlands» жарысы 28 маусымда Вулвергемптонда, Уэст-Мидлендс графтығында өтті. Онда қазақстандық оқушылар 10 ойынның 10-ында жеңіске жетіп, үздік өнер көрсеткен командаға берілетін бас төреші номинациясының Judges Award жүлдесін жеңіп алды. 1 шілдеде Лондонда «FIRST Tech Challenge – South East» екінші жарысы өтті. Ойындарға британдық мықты командалардан бөлек, басқа елдерден де келген жасөспірімдер қатысты. Онда оқушыларымыз 10 ойынның 9-ында жеңіске жетіп, І орынды жеңіп алды. Сондай-ақ оқушылар қазылар алқасының екі марапатына ие болды – Judges Award және Control Award сыйлығы. «Біздің Ұлыбританияға сапарымыз шынымен де тарихи сәтке толы болды. Оқушыларымыздың тәжірибелері бәсекелестерінен бірнеше есе аз болса да, олар өздерін жақсы жағынан көрсете білді және үздік нәтиже көрсетті. Сонымен қатар FIRST бағдарламасының жеке қорында 80 млн доллар стипендиясы бар және робототехника чемпионатының жеңімпаздары әлемнің жетекші университеттеріне, соның ішінде MIT, Yale және басқа да үздік университеттерге тегін оқуға өтініш бере алады», - деді USTEM Robotics Қазақстандағы және Орталық Азиядағы робототехника дамыту қорының негізін қалаушы Нұрдәулет Досмағамбет. Қазақстандық оқушылар бір айға жуық уақытын өз мектептерінің зертханаларында өткізіп, роботтарын құрастыруға арнады. Жас өнертапқыштар робот бөлшектерін өздері модельдеді, содан кейін мектеп шеберханаларындағы 3D принтер мен лазерлік машиналарда жобаларын жүзеге асырды. «Робототехниканың арқасында біз әлемді тануға, саяхаттауға және басқа елдердің үздік оқушыларымен кездесуге мүмкіндік алдық. Ұлыбританияға жасаған бұл сапарымыз өз қабілеттерімізге сенімділік берді. Біз Англия мен Солтүстік Кипрдің ең мықты командаларымен елдің намысын қорғау үшін жарыстық, ал ойындар арасында қарсыластарымызға көмектесіп те тұрдық. Бұл бізге қызықты болды, өйткені бұл жарысқа екінші жыл ғана қатысып жатырмыз, бірақ ондаған жылдар бойы дайындық жүргізген командалардан жақсырақ өнер көрсеттік. Ұйымдастырушылар мен басқа командалардың жаттықтырушыларынан алғыс сөздер естігенімізге қуандық», - дейді оқушы Нұрасыл Бейсенбай. FIRST ҚР Оқу-ағарту министрлігінің оқушылар мен мұғалімдердің қатысуы үшін ұсынған олимпиадалар тізіміне енгізілген. Жыл сайын FIRST демеушілігімен 6 мен 18 жас аралығындағы балалар арасында түрлі жарыстар өткізіледі. Әр сайыстың тақырыбы мен тапсырмаларының күрделілігі әртүрлі. Тапсырмалар нақты әлемдік мәселелерге байланысты, мысалы, өнеркәсіптік автоматтандыру, тау-кен өндіру, қалдықтарды өңдеу, ғарышты зерттеу, биомедицина және басқа да маңызды тақырыптар.