Қазақстан құрамасы соккадан әлем чемпионатының жеңімпазы болды
Қазақстан құрамасы соккадан әлем чемпионатының жеңімпазы болды
Астана уақытымен маусымның 11-інен 12-сіне қараған түні Германияның Эссен қаласында соккадан әлем чемпионатының финалдық матчы өтті, онда Қазақстан мен Украина құрамасы бас жүлдеге таласты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz Sports.kz-ке сілтеме жасап. Бұл ойынды реванш деп те атауға болады. Себебі командалар 2023 жылғы әлем чемпионатының топтық кезеңінде кездесіп, онда Украина 6:2 есебімен басым түскен еді. Оныншы минутта Абай Елемесов қазақстандықтарды алға шығарса, 14-минутта Алтынбек Мырзабеков есепті еселеді. 18-минутта қарсылас команда ойыншысы Андрей Мельник алғашқы голын соқса, 37-минутта дубль авторы атанып, есепті теңестірді. Матчтың негізгі уақыты тең аяқталып, ойын буллит сериясымен жалғасты. Онда қазақстандықтар 2:1 есебімен жеңіске жетті. Қорытынды есеп – 4:3. Осылайша, Қазақстан құрамасы өз тарихында алғаш рет соккадан әлем чемпионатының алтын медалін иеленді. 2022 жылы ұлттық команда финалдық матчта Бразилиядан 0:3 есебімен жеңіліп, «күмісті» қанағат тұтқан болатын. Сокка – шағын футболдың бір түрі. Айырмашылығы ойыншы саны мен алаңның көлемінде. Матч 20 минуттан екі тайм болады және әр командада 6 ойыншыдан қатысады.