Жаңалықтар

Қазақстанда адвокаттардың жаңа мантиясы бекітілді

The final spritzer

Бұл туралы Республикалық Адвокаттар алқасының баспасөз қызметі хабарлады.

Республикалық адвокаттар алқасының төралқасы адвокаттық мантия мен оның сипаттамасын бекітті, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz

 Бұл шешім «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заңның 33-бабы 6-тармағына сәйкес қабылданған.

Адвокаттық мантия — заңгердің кәсіби мәртебесін білдіретін ерекше рәміз. Ол адвокаттың құқықтық қорғауға жататын тұлға екенін, және кәсіби қызметіне сыртқы ықпалдарға жол берілмейтінін көрсетеді.

Алайда мантия кию — міндет емес. Әрбір адвокат сотқа қатысқанда мантия кию немесе кимеу туралы шешімді өзі қабылдайды. Сонымен қатар, бұл киімді ресми іс-шараларда киюге де болады.

Мантия үлгісі кең талқылау арқылы таңдалған. 2024 жылы өткен адвокаттардың республикалық спартакиадасында алғашқы жобалар таныстырылып, 300-ге жуық адвокаттың қатысуымен анонимді сауалнама жүргізілді. Алдын ала талқылаудан кейін адвокаттар алқасы жалпыұлттық онлайн дауыс беру ұйымдастырды, оған еліміздің түкпір-түкпірінен 3 мыңнан аса адвокат атсалысты. Үш түрлі дизайнерлік үлгі ұсынылып, дауыс беру нәтижесі мен өңірлік ұсыныстар ескеріле отырып, нақты мантия бекітілді.

Бекітілген мантияның сипаттамасы:

Қара түсті, жағасы аспан көк — бұл Қазақстан туының түсіне үндес;

Жағасы мен сәндік элементтерінде «Қорғау» ұлттық өрнегі бейнеленген (OIU Qazaq Design жинағынан);

Ашық пішін (түймесіз және ілмексіз) — адвокаттың тәуелсіздігін білдіреді;

Симметриялы көк ленталар — теңдік пен әділеттіліктің белгісі.

Адвокаттар мантияны өз қалауы бойынша кез келген шеберханада тіктіре алады. Бастысы — бекітілген сипаттамаға сай болу керек.

Адвокаттарға арналған мантияның сипаттамасы мен кию тәртібі туралы толық ережемен  advokatura.kz сайтынан танысуға болады.