Қазақстанда алғаш рет жүрекке робот операция жасады
- авторСадуақас Айсұлу
- 13 қараша, 2025
- 196
ҚР Президенті іс басқармасы медициналық орталығының ауруханасында ел тарихында және Орталық Азияда алғаш рет жүрекке роботтандырылған технология арқылы ота сәтті жасалды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
28 жастағы науқаста туа біткен жүрек ақауы — жүрекшелік перде ақауы анықталған. Ота соңғы үлгідегі роботтандырылған хирургиялық жүйе арқылы, дәстүрлі әдіс — стернотомиясыз, яғни кеуде сүйегін ашпай, шағын тілік арқылы жасалды. Қазіргі уақытта науқастың жағдайы тұрақты. Медициналық орталықтың мәліметінше, бұл операция жоғары технологиялы кардиохирургияны дамыту және халықаралық медициналық ынтымақтастықты нығайту жолындағы маңызды қадам болып табылады.
Конференция барысында халықаралық мамандардың консультациялары да ұйымдастырылды. Мәскеуден келген медицина ғылымдарының докторы, кардиолог әрі функционалды диагностика маманы Ольга Джиоева Медициналық орталықтың кардиологтарымен бірге науқастарды қабылдаса, Жапониядан келген дәрігер, Әулие Мария ауруханасының гематология бөлімінің меңгерушісі Jeon Yungwoo тоғыз пациентке консультация жүргізді.
Астанада өткен Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция кардиохирургия, онкология, ядролық медицина, нейрохирургия, терапия, цифрландыру, фармацевтикалық реттеу, мейірбикелік іс, көшбасшылық және медициналық көмектің сапасын басқару тақырыптарын қамтыды.
Форумға жетекші клиникалар, Қазақстандағы ғылыми институттар мен университеттер, сондай-ақ оннан астам елден келген шетелдік сарапшылар қатысты.
Конференция тәжірибе алмасу мен инновациялық медициналық және білім беру технологияларын дамыту алаңына айналды. Барлығы төрт мыңға жуық адам іс-шаралардың онлайн және офлайн форматтарында қатысып, сессиялардың тікелей трансляцияларын төрт мыңнан астам көрермен тамашалады.




