Қазақстанда қандай әскери дрондар бар? Ол дрондардың күші қандай?

Қазақстанда қандай әскери дрондар бар? Ол дрондардың күші қандай?
Қазақстан қорғаныс министрлігінің Азаттыққа берген мәліметінше, қазір ел әскерінде Қытайдың WingLoong-1 және Израильдің Skylark-1LEX әскери дрондары бар. Ведомство Түркияның Аnka әскери дронын сатып алуды қарастырып жатқанын, ал түріктің атышулы Bayraktar-TB2 дронын алу жоспарда жоғын мәлімдеді. «Әскери мамандар жоғары жауынгерлік тиімділікті көрсеткен Түркияның жедел-тактикалық Bayraktar-TB2 ұшқышсыз ұшу аппаратын зерделеді. Алайда оның техникалық сипаттамалары біздің климаттық жағдайымызға келмейді. Сондықтан қарулы күштерде оларды сатып алу қарастырылмаған» деді қорғаныс министрлігі Азаттыққа жауабында. Енді Қазақстан әскерінде бар (алуды жоспарлайтын) дрондардың ерекшеліктеріне кеңірек тоқталайық.
WingLoong-1 дроны
Әскери техникалар жайлы жазатын Army-technology.com сайтының мәліметінше, Қытайдың WingLoong-1 дроны бомба, ракета атуға арналған. Бұл ұшқышсыз аппарат 200 келіге дейін жүк көтере алады. Дронның ұзындығы 9 метр, ал қанатының құлашы 14 метрге жетеді. Қытай WingLoong-1 дроны 5000 м биіктікке дейін көтеріліп, 4000 шақырымға дейін ұша алады дейді.

Skylark-1LEX дроны
Army-technology.com сайтының мәліметінше, Израильдің Skylark-1LEX шағын дронының салмағы 7,5 келі; өзі 1,2 келі жүк алып жүре алады. Бұл дрон бомба я ракета тастауға/атуға бейімделмеген, тек әуеден барлау жасап келуге, таулар мен далаларды шолуға, шекараларды бақылауға антитеррорлық операцияларға пайдаланады.

Anka дроны
Қазақстан Түркиядан Аnka дронының үш данасын сатып алатыны туралы ақпарат 2021 жылы шыға бастады. Кейбір ақпараттарға қарағанда, Түркия бұл дронды Қазақстанға 2023 жылы жеткізуі тиіс.
