Жаңалықтар

Қазақстанда «декретке миллионмен» шыққан әйелдерге қылмыстық іс қозғалды

Бұл туралы Еңбек министрі Светлана Жақыпова мәлімдеді

Елімізде жоғары мөлшерде декреттік төлемдерді заңсыз алған 113 азаматшаға қатысты 16 қылмыстық іс қозғалды. Олардың әрекеті мемлекетке 158 млн теңге шығын келтірген, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Министрдің айтуынша, әлеуметтік сақтандыру жүйесінде барлық төлемдерге шектеу қойылғанымен, босану мен бала күтімі бойынша жәрдемақыларға мұндай шектеу қарастырылмаған. Осыны пайдаланған кей азаматтар заңсыз жолмен табысын жасанды түрде көбейтіп, жоғары жәрдемақы алуға тырысқан. Бұл – жүйенің әділ қатысушылары үшін әлеуметтік төлемдердің әділетсіз бөлінуіне әкеледі, дейді Жақыпова.

«2024 жылдың қыркүйегінен бастап 1,5 мың азамат өз табысын қолдан өсіргенін мойындады. Соның нәтижесінде әлеуметтік сақтандыру мемлекеттік қорында 3,4 млрд теңге қаражат сақталды», – деп атап өтті министр.