Жаңалықтар

Қазақстанда ең беделді IBO-2024 халықаралық олимпиада басталды

Олимпиадаға 81 мемлекеттің командалары қатысып жатыр

Астана қаласында оқушылар арасындағы IBO-2024 биологиядан халықаралық ең беделді олимпиаданың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Оған ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, IBO халықаралық комитетінің төрағасы Ленка Либусова арнайы қатысты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Ғани Бейсембаев халықаралық олимпиаданың біздің елімізде өткізілуі аса маңызды оқиға екенін атап өтті.

 «Қазақтың ұлы ақыны, ойшыл Абай Құнанбайұлы осыдан бір жарым ғасыр бұрын: «Адамның күші оның ойы мен білімінде жатыр», — деген. Осы сөздің бүгінгі күні де өзекті екеніне күмән жоқ. Сіздердің көпшілігіңіз болашақта белгілі биолог атанып, мыңжылдықтың орасан зор жаңалықтарын ашасыздар деп сенемін. Осы Олимпиада әрқайсыңыз үшін мамандық таңдаудың, әлемдік ғылымның игілігі үшін елеулі жетістіктерге жетудің маңызды кезеңіне айналатынына сенімдімін. Олимпиада Сіздерге Қазақстанмен танысып, біздің салт-дәстүріміз, қонақжайлығымыз бен достығымыздан ұмытылмас әсер қалдырады деп ойлаймын», — деді Ғани Бейсембаев.

International Biology Olympiad әлемдегі ТОП-7 халықаралық олимпиаданың бірі. Биылғы жылы білім додасына әлемнің 81 елінен 305 жас биолог пен 275 ғалым қатысып жатыр.

«Қазақстандық оқушылар 28 жылдан бері аталмыш додада ел намысын қолдан бермей келеді, осы жылдар ішінде 70-тен аса марапатқа ие болдық. Ұйымдастыру комитетінің биылғы олимпиаданы Қазақстанда өткізу туралы шешім қабылдауына да біздің оқушыларымыздың жетістіктері себеп болды»,-деген министр олипиада қатысушыларына сәттілік тілеген.

Айта кетейік, Биологиядан халықаралық олимпиада алғаш рет 34 жыл бұрын өткізілді, оған ол кезде тек 6 ел қатысқан. Ал Астанада қаласында өтіп жатқан білім додасына 81 мемлекеттің командалары жиналып отыр.