Жаңалықтар

Қазақстанда екі жаңа әскери колледж ашылады: Алғашқы қабылдау биыл басталады

The final spritzer

Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы, полковник Мұрат Олжабаев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында мәлімдеді

Қазақстанда әскери білім беру жүйесі кеңейіп, қосымша оқу орындары ашылуда, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Қорғаныс министрлігі Алматыдағы Бауыржан Момышұлы атындағы әскери-спорт колледжі мен Қарағандыдағы Талғат Бигелдинов атындағы әскери колледжін құру жұмыстарын жүргізуде. Бұл оқу орындары «Жас ұлан» республикалық мектептерінің базасында ұйымдастырылып, биыл негізгі орта білім алған түлектерді алғашқы қабылдауды жүзеге асырады.

Қазіргі таңда елімізде әскери жоғары білім алу мүмкіндіктері Алматыдағы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтында, Ақтөбедегі Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері Әскери институтында және Алматыдағы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында ұсынылады. Ал жоғары оқу орнынан кейінгі әскери білім беру Астанадағы Ұлттық қорғаныс университетінде жүргізіледі, мұнда жыл сайын 1000-нан астам маман біліктілігін арттырады.

Техникалық және кәсіптік білім беруді Астана, Щучинск және Шымкент қалаларындағы үш әскери колледж қамтамасыз етеді. Бұл оқу орындарында мотоатқыштар, танк, артиллерия, инженерлік бөлімшелер, байланыс әскерлері, қару-жарақ пен әскери техниканы пайдалану және жөндеу мамандықтары бойынша кәсіби сержанттар даярланады.

Жаңа әскери колледждерде болашақ әскери қызметшілер дене шынықтыру және спорт жөніндегі нұсқаушы, барлау, десанттық-шабуыл бөлімшелерін басқару, зымыран әскерлері мен артиллерия бөлімшелерін басқару, заттай және азық-түлікпен қамтамасыз ету сияқты мамандықтар бойынша оқытылады.

ҚР Қорғаныс министрлігінің Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы, полковник Мұрат Олжабаевтың айтуынша, бұл өзгерістер әскери кадрларды сапалы даярлауға мүмкіндік береді.