Жаңалықтар

Қазақстанда зейнетақы жинағын емделуге жұмсау уақытша тоқтатылды

Бұл туралы Отбасы банк ресми сайтында жарияланды

Қазақстанда зейнетақы жинақтарын медициналық қызметтерге пайдалану уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Банк мәліметінше, 2026 жылғы 12 қаңтар күні сағат 19:00-ден бастап enpf-otbasy.kz платформасында біржолғы зейнетақы төлемдері (БЗТ) арқылы емделуге арналған өтінімдер қабылдануы уақытша тоқтатылады.

Хабарламада көрсетілгендей, Отбасы банк Денсаулық сақтау министрлігі және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, зейнетақы жинағы есебінен медициналық қызметтер алу талаптарын қайта қарайды. Сонымен қатар, ақпараттық жүйелерді біріктіру механизмдері пысықталып, зейнетақы қаражатының мақсатсыз пайдаланылуына жол бермеу қарастырылған.

Емделуге өтініштер талаптарды толық түзету жұмыстары аяқталғаннан кейін қайта қабылданатын болады. Қосымша ақпарат кейінірек жарияланатыны да атап өтілді.