Жаңалықтар

Қазақстанда «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі өтеді

The final spritzer

Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді

2025 жылдың 11-15 ақпаны аралығында Астанада «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі өтеді. Бұл шара Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылына орай ұйымдастырылып отыр.

Ертең сағат 11:30-да фестивальдің ресми ашылуы болады. Шара барысында болашақ мамандар, жұмыс берушілер мен білім беру ұйымдары өзара тәжірибе бөлісетін алаңда кездеседі.

Фестиваль қонақтары тау-кен ісі, металлургия, машина жасау, көлік саласы, аграрлық сала, су шаруашылығы, құрылыс, құтқарушылар, өрт сөндірушілер және болашақ мамандықтар бойынша арнайы тақырыптық аймақтарды аралай алады.

Қатысушыларды семинарлар, мұнай-энергетика өнеркәсібі бойынша хакатон, мамандықтар шеруі, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі, стартаптар тұсаукесері, шеберлік сыныптары, концерттер және халықаралық колледждердің тренингтері күтеді.

Фестивальді Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі ұйымдастырады.

«Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі күн сайын сағат 10:00-18:30 аралығында Астана қаласындағы Мәңгілік ел даңғылы, 53/1 мекенжайында орналасқан «EXPO» халықаралық көрме орталығында өтеді.