Қазақстандықтар декларация тапсырудан босатылады
Үкімет отырысында Қаржы министрі Мәди Такиев кімдер декларация тапсырудан босатылатынын айтты.
Премьер-министр Олжас Бектенов қаржы министрінің жеке тұлғалардың 90%-ын декларациялаудан босату туралы ұсынысын қолдады деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бұл жалпыға бірдей декларациялаудың 4-кезеңінде, яғни 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап табысы туралы есеп беруі тиіс 8 миллион қазақстандыққа қатысты. Олар: жеке құрылымдар қызметкерлері, зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер, студенттер және басқа да тұлғалар.
Ал Үкімет отырысында Қаржы министрі Мәди Такиев мына тұлғалар үшін декларацияны қалдыруды ұсынды:
- мемлекеттік қызметшілер;
- коммерциялық ұйымдардың, квазимемлекеттік сектордың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары;
- Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде активтері барларға және 1 жыл ішінде сатып алғандарға;
- бір жыл ішінде құны 20 000 айлық есептік көрсеткіштен (74 млн. теңге) астам сатып алулар жасағандарға;
- өз бетінше салық салынатын табыс тапқандарға.