Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары азайып кеткен: БЖЗҚ себептерін атады

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) зейнетақы активтерін инвестициялық басқару бойынша шолуында есептелген инвестициялық табыстың төмендеуіне қатысты жағдайды түсіндірді.
Қордың мәліметінше, 2025 жылдың қаңтар айында есептелген инвестициялық табыс көлемі минус 284,86 миллиард теңгені құрады, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
БЖЗҚ-ның хабарлауынша, бұл шетел валюталары бағамының құбылмалылығы мен қор инвестициялаған қаржы құралдарының нарықтық құнының өзгеруіне байланысты қалыптасты.
Қаңтардағы нарықтағы құбылмалылық АҚШ президенті Дональд Трамптың тарифтер енгізу туралы мәлімдемесі мен АҚШ-тағы еңбек нарығының тұрақты көрсеткіштері аясында байқалды.
Соған қарамастан, соңғы 12 айда БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігі 15,66 пайызды құрады, ал осы кезеңдегі инфляция деңгейі 8,90 пайыз болды.
Жалпы, Ұлттық банк сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері 22 триллион 282,04 миллиард теңгені құрайды. Портфельдің негізгі үлесін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздары иеленеді – олардың қаңтардағы үлесі 41,40 пайызды құрады.