Жаңалықтар

Қазақстанның ғылым саласына жас кадрлар қажет – Саясат Нұрбек

Қазақстанның ғылым саласына жас кадрлар қажет – Саясат Нұрбек

Қазақстанның ғылым саласында жас кадрларды көбейту қажет. Бұл туралы Алматыда өтіп жатқан Digital Almaty халықаралық цифрлық форумында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты, деп хабарлайды Жамбылинфо ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап. Министрдің айтуынша, қазіргі таңда елімізде ғылым, білім саласының кадрларын даярлау өте өзекті мәселе болып тұр. «Еліміздің ғылым саласында қазір өкінішке орай кадрлардың тапшылығы бар. Қазіргі таңда ғылыми қызметкерлердің орта жасы - 59 болса, Ұлттық академиядағы академиктердің орта жасы – 69. Бұл қауіпті жағдай. Сондықтан кадрларды даярлауды біз мектептен бастауымыз керек. Яғни, мектеп деңгейінде болсын, ЖОО деңгейінде болсын ғылыми зерттеулерді біріктіріп, кадрларды даярлау, жаңа тұрпатты ғалымдарды нарыққа шығаруға үлкен басымдық беріп отырмыз», - деді Саясат Нұрбек. Сондай-ақ оның айтуынша қазіргі уақытта жоғары білім саласын цифрландыру өте өзекті мәселеге айналған. «Пандемия кезінде көп елдер цифрландыруға дайын емес екендерін білді. Бұл бізге де үлкен абақ болды. Сол себепті қазір Министрлік цифрландыру саласына көп көңіл бөліп отыр. Себебі, білім саласында әлем бойынша қазір үлкен демографиялық қысым байқалады. Мысалы, Үндістанның өзінде жасы 23-тен төмен жастардың саны 600 млн-нан асып кетті. Бұл үлкен нарық. Өкінішке орай, еліміздің академиялық инфрақұрылымы мұндай нарыққа дайын емес. Сондықтан ғылым саласын цифрландыру, гибридтік форматтарға көшкен дұрыс», - деді Ғылым және жоғары білім министрі. Саясат Нұрбек Digital Almaty халықаралық цифрлық форумы аясында маңызды келісім шарттар жасалып, жаңа серіктестер табылып жатқанын мәлімдеді. «Біз Нp, Master card, Huawei, Binance, Microsoft секілді танымал, мықты компаниялармен келісім шарттар жасастық. Coursera компаниясымен жасасқан келісім шарт аясында биылдан бастап біздің студенттерге, оқушылар Coursera-ның курстарынан өтетін болады. Сонымен қатар, Coursera-ның елімізде оқытылмаған ең өзекті 654 курсы қазақ тіліне аударылып, биыл бүкіл унрверситеттерге берілетін болады. Жалпы, бүгінгі форумға он ЖОО өкілдері, «робототехника» саласындағы Олимпиадалар мен жарыстардың жүлдегерлері қатысуда», - деді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек. Еске салайық, кеше Алматыда «Digital Almaty 2023: жаңа болмыстағы цифрлық әріптестік» атты халықаралық форум басталған болатын.