Жаңалықтар

Қазақстанның үздік сынып жетекшісі кім екенін білесіз бе

«Үздік сынып жетекшісі» республикалық байқауын «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институты» ұйымдастырған

«Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Үздік сынып жетекшісі» республикалық байқауы аяқталды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады деп жазады, Jambylinfo.kz.

Байқау қорытындысы бойынша Павлодар облысы Май ауданы Е.Мұқашев атындағы мектеп педагогы Ғаламат Жаңабек пен Абай облысы электротехника колледжінің педагогы Шыңғыс Шынарбек Гран-при иеленіп, Қазақстанның үздік сынып жетекшісі атанған.

Ғаламат Жаңабек пен Шыңғыс Шынарбек 5 мыңға жуық сынып жетекшінің арасынан үздік шыққан. Білікті ұстаздар бұған дейін де облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпазы болған.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Байқау мұғалімдердің шеберлігін жетілдіруге және сынып жетекшілерінің шығармашылық әлеуетін іске асыруға бағытталған.

Атап өтейік, байқаудың облыстық кезеңіне 5 мыңға жуық сынып жетекші қатысса, екінші (облыстық) кезеңнен 312 мұғалім өткен. Ал қорытынды (республикалық) кезеңде қатысушылар өз іс-әрекеттерінің презентацияларын ұсынды, кейс сессиясы аясында шығармашылық жобаларын қорғаған.

Сонымен қатар, «Бала жүрегіне жол тапқан ұстаз», «Ұрпақ тәрбиесіндегі ұтымды идея», «Шабыттандыратын тәлімгер», «Ата-анамен ынтымағы жарасқан» және «Креативті көшбасшы» номинациялары берілді. Барлық байқауларда Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығының ата-аналар қауымдастығының өкілдері, сондай-ақ «Менің бауырым» жобасының қатысушылары байқаушы болды.