Азаматтық қоғам – ел дамуының арқауы
Қоғамдағы қордаланған мәселелерді шешуде үкіметтік емес ұйымдардың рөлі мен маңызы зор. Халық арасындағы шешімін таппай келе жатқан салмақты мәселелер шешімінің басым көпшілігі қазір азаматтық қоғам институттарына арқа сүйеп отыр. Осы ретте өңірге арнайы іссапармен келген «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес АҚ Басқарма төрағасы Ғалым Құрман аймақтағы қоғам белсенділерімен жүздесіп, биылғы өзгерістер мен алдағы жоспарларды түсіндірді.
Басқосуды ашып, жүргізіп отырған облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Садубаев ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасы бекітілгенін, бұл құжат билік органдары мен қоғамдық ұйымдардың серіктестігін күшейтуді көздейтінін атап өтіп, өңірде азаматтық қоғам мүшелерімен өзара әріптестік негізіндегі шараларға тоқталды. Аймақта мемлекеттік бағдарламалар мен стратегиялық құжаттарды іске асыруда үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы белсенді екенін жеткізді. Бұл бағыттағы жұмыстарға бөлінген қаражат та жылдан жылға ұлғайып келеді.
Айталық, бұрнағы жылы үкіметтік емес ұйымдарды қолдауға бөлінген қаражат 941 миллион теңгені құраса, былтыр 1 миллиардтан асыпты. Ал өз кезегінде сөз алған Ғалым Полатұлы орталық 2016 жылы құрылғалы бері 500-ге жуық гранттық жобаларға қолдау білдіргенін жеткізді. Жалпы биыл 47 жобаға республикалық бюджеттен 1,2 миллиард теңге қаржы қарастырылып отыр екен. Оның айтуынша, биылдан бастап әлеуметтік тапсырысты орындауға бағытталған гранттарды алу бойынша бірқатар өзгерістер енгізілген.
Бұрындары жоба жалпы республика аумағын қамтуға бағытталса, енді тек белгілі бір аумаққа негізделетін болған. Яғни қысқа мерзімді жобалар белгілі бір елді мекен, қала аумағында жүзеге асатын болса, орта мерзімді жобалар кемінде екі облыстың мәселесін шешуге бағытталмақ. Оған қоса бұған дейін грант тапсырушы тапсырыс берген кезде қамтитын мәселенің шешімін көрсететін болса, енді «төменнен – жоғарыға» ұстанымы бойынша үкіметтік емес ұйымдардың өздері шешімін жазып береді. Осы ретте аталмыш орталықтың басқарма төрағасы қысқа және орта мерзімді жобалар 1 ақпанға, ал ұзақ мерзімді жобалар 15 ақпанға дейін қабылданатынын жеткізді.
Қазіргі таңда әлеуметтік тапсырыс бағытында грант алу жолдарын түсіндіретін арнайы бейнероликтер де әзірленген. Кез келген үкіметтік емес ұйым сол нұсқаулық бойынша бақ сынай алады. Жиын барысында қоғам белсендісі Исламбек Дастан мемлекеттік грантты ұтып алу үшін әзірленетін жобалардың қиын екенін атап өтті. Сол секілді үкіметтік емес ұйым жетекшілері облыста белгілі бір басқармадан бастап грантты қаржыландырудың іс жүзінде үлгісі көрсетілсе деген талап-тілектерін жеткізді. Басқосу барысында алдағы жоспарларға да қатысты бірқатар сұрақтар қойылып, жан-жақты жауап айтылды.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз