Азаматтық процестегі адалдық принципі
Адалдық – азаматтық сот ісін жүргізудің негізін құрайтын басты қағидалардың бірі.
Ол сот төрелігінің әділ жүзеге асырылуын қамтамасыз етіп, тараптардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған. Азаматтық процестегі адалдық принципі сотқа қатысушылардың іс жүргізу құқықтарын адал пайдалануын, өз әрекеттерінде шындыққа және әділдікке сүйенуін талап етеді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің азаматтық сот ісін жүргізудің негізгі қағидаттарының бірі ретінде адалдық принципі бекітілген. Бұл нормаға сәйкес, процестің барлық қатысушылары сот пен басқа да тараптар алдында адал әрекет етуге міндетті.
Адалдық қағидасының мазмұны – азаматтардың және ұйымдардың өз құқықтарын асыра пайдаланбауы, жалған айғақтар келтірмеуі, әдейі сотты адастырмауы және процестің созылуына жол бермеуі. Сот тәжірибесінде мұндай бұзушылықтар іс жүргізудің тиімділігіне кері әсерін тигізіп, әділ шешім қабылдауға кедергі келтіретіні белгілі.
Сондықтан соттар тараптар мен олардың өкілдерінен шынайылықты, өз ұстанымдарын дәлелдермен бекітуді, заңды және этикалық нормаларды қатаң сақтауды талап етеді. Адалдық принципін ұстану сот төрелігінің беделін арттырып қана қоймай, қоғамда заңға және сот билігіне деген сенімді нығайтады.
Қорытындылай келе, азаматтық процестегі адалдық қағидасы – әділ сот төрелігін жүзеге асырудың басты кепілі. Әрбір азамат пен ұйым өз құқықтарын қорғауда адалдықты басшылыққа алған жағдайда ғана сот әділдігі мен құқық үстемдігі толық қамтамасыз етіледі.
Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы – Бакыт Сагатовна Сарсенбиева.