Бұқара мен биліктің байланысы нығаймақ
Бұқара мен биліктің байланысы нығаймақ
Ел Президентінің көмекшісі – Президент Әкімшілігі өтініштерді бақылау бөлімінің меңгерушісі Тамара Дүйсенова бастаған арнайы жұмыс тобы Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келді. Биылғы 1 шілдеден бастап күшіне енетін «Әкімшілік рәсімдік-процестік» кодексті өңірлерде жан-жақты түсіндіруді мақсат еткен мәртебелі меймандар алдымен аймақтық Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, онда «е-Өтініш» ақпараттық жүйесінің жұмысын барлады.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы облыс бойынша филиалы директорының орынбасары Данияр Медетбек жаңа нысанның мүмкіндіктері мен тиімділіктерін әңгімеледі. Осындай жүйе Тараз қаласындағы Жүйелі құқық бұзушылықтар бойынша құқықтық мониторинг орталығында да ірге қалаған. Мұның жұмысы жайында баяндаған Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті облыстық басқармасының бастығы Дәурен Райымқұлов орталықта 6 топ орналасқанын, соның бірегейі «е-Өтініш» жобасын іске асыру жөніндегі топ екенін алға тартты.
Тамара Қасымқызы бастаған топ, облыстық әкімдікте жергілікті мемлекеттік органдардың жетекшілерімен, аудан әкімдерімен кездесті. Онда Президенттің көмекшісі 1 шілдеден бастап елімізде Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі күшіне енетінін мәлімдеп, соның негізінде азаматтардың мемлекеттік органдарға жазған арыз-өтініштері «е-Өтініш» базасына енетінін жеткізді.
Осындай жиын Тараз өңірлік университетінде қалалық әкімдік қызметкерлерінің және бірқатар ауылдық округ әкімдерінің қатысуымен ұйымдастырылды. Онда Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев сөз сөйлеп, пилоттық жобаны енгізу үшін 34 мекеменің тізімі жасақталғанын жеткізді. Жыл басынан бері «е-Өтініш» ақпараттық жүйесі арқылы 9 625 өтініш тіркеліп үлгерген.
«Президент былтырғы маусымда қол қойған Әкімшілік рәсімдік-процессуалдық кодексі биылғы 1-шілдеден бастап күшіне енеді. Жаңа Кодекс – Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» Концепциясының іргелі нормативтік құжаты. Қоғамдық әлеуметтік белсенділікті ескерсек, бұл құжаттың маңыздылығын түсінуге болады. Халықтың арыз-өтініші «е-Өтініш» базасына еніп, оның орындалу барысы осында жинақталады. Енді мемлекеттік орган өтінішті қараған кезде басқа органдар тарапынан қандай шешімдер қабылданғанын көре алады. Барлық ақпарат сол жерде жинақталады. Басты ұстаным – азаматтар өтінішіне сапалы жауап беру», – деді Президент көмекшісі.
Егер мемлекеттік органнан алған жауабына қанағаттанбаса, оның жоғары сатыда тұрған органға шағым келтіруге, одан кейін шешім қабылдаған мемлекеттік органды талап арызбен сотқа беруге құқығы бар.
Президент көмекшісі – Президент Әкімшілігі өтініштерді қарауды бақылау бөлімі меңгерушісі бастаған жұмыс тобы Тараз қаласында қоғам белсенділерімен де жүздесіп, пилоттық жобаны оларға да түсіндірді.
Сапар Жамбыл ауданында жалғасын тауып, әкімдіктің мәжіліс залында актив жиыны өтті.
Жиыннан соң алқалы топ Қарасу ауылдық округіне барып, әкімдіктің жұмысына ден қойды. Тараз қаласының іргесіндегі Айша бибі кесенесіне де табан тіреді.