Жаңалықтар

Бүгін елімізде Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау өтеді

Бүгін елімізде Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау өтеді

Бүгін учаскелерде дауыс беру жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін жүргізіледі. Учаскелік сайлау комиссиялары жергілікті уақыт бойынша сағат 20:00-де дауыс санауды, дауыс беру нәтижелері туралы хаттама жасауды бастайды. Уақыт белдеуіне байланысты кейбір шет мемлекеттерде дауыс беру бізден ерте басталады. Қазақстандықтар өмір сүретін Еуропа, Ұлыбритания, Ресей, АҚШ, Қытай, Корея, Үндістан сынды бірқатар мемлекетте 77 дауыс беру учаскесі ашылған. Бұл жолы дауыс санау процедурасы ұзаққа созылады. Себебі бюллетеньдер саны әдеттегіден көп. Бірақ, заң бойынша дауыстарды санау 12 сағаттан аспауы тиіс. Дауыстарды санау барлық сайлау учаскелерінде таңғы 8:00-де аяқталады. Республикалық маңызы бар қалаларда (Астана, Алматы және Шымкент) дауыс беру төрт бюллетень бойынша саналады. Оның екеуі Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлау және екеуі – мәслихаттар бойынша. Ал 17 облыста дауыс беру бес сайлау бюллетені бойынша өтпек. Оның екеуі Мәжіліс бойынша, екеуі – облыстық мәслихаттар бойынша және біреуі – аудандық немесе қалалық мәслихат бюллетеньдері.