сәрсенбі, 2 қазан, 2024 0:15

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Бүгін Шерхан Мұртазаның туғанына-90 жыл

Бүгін Шерхан Мұртазаның туғанына-90 жыл
ашық дереккөзі
Бүгін Шерхан Мұртазаның туғанына-90 жыл
Ұлт руханиятының абызы Шерхан Мұртазаның туғанына 90 жыл Шерхан Мұртаза 1932 жылы 28 қыркүйекте Жамбыл облысы Жуалы ауданы Талапты ауылында дүниеге келген. 1955 жылы Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. НАЗАРЛАРЫҢЫЗҒА ШЕРХАН МҰРТАЗАНЫҢ ӨМІРІНЕН ҚЫЗЫҚТЫ ДЕРЕКТЕР ҰСЫНАМЫЗ: - Шерхан Мұртаза 1932 жылы 28 қыркүйекте Жамбыл облысы Жуалы ауданы, Мыңбұлақ ауылында дүниеге келген. Жазушының шын есімі – Шері. Қазақтың айбарлы, қайратты жыртқыш аңы – барысқа байланысты қойылған. - Алғашқы кітабі 26 жасында «Құрылысшы Дәку» деген атпен жарық көрді. Оның еңбектері ТМД және шет тілдеріне аударылған. Қаламгер Тұрар Рысқұлов жайында 5 кітап жазған. Бір қызығы Шерхан Мұртаза алдымен жазушылыға мен журналистігі емес, ақындығымен танылды. - Шерхан Мұртазаның ана тіліміз туралы айтқан қанатты сөздері. Ана тілінсіз халық болмайды. Тілінен айырылған ұлт – тарихынан, түп-тамырынан айырылған ұлт. Тілсізді ұлт деуге болмайды. Тілінен айырылған халық – ата-бабасының, туған әкесі мен анасының атын ұмытқан халық. Ал ондайларды мәңгүрт деп атайды. - Әкесі Мұртаза 1937 жылы сталиндік репрессияның құрбаны болып кетті. Шерхан Мұртаза 8 жасында қазіргі Жуалы ауданы өзі туған Талапты ауылындағы мектептің бірінші сыныбына барған. Әкесіне ерте айырылған бала оқу мен еңбекке ерте араласады. Балалық шағы да соғыстың тауқыметті кезеңдерімен тұспа-тұс келген. Сондықтан болар жазушының түсіне жиі балалық шағы оралып отырған. Тауқыметті кезеңдерді бастан өткізген соң болар, жазушының балалық шағы бала көңілмен өтпеді. - Шерхан Мұртазаның ел, қоғам, мемлекет, әдебиет үшін істеген еңбектері өте көп. Ал әдебиет саласындағы еңбектерін айтқанда көркем туындыларын ғана айтып қойған жөн болмас. Әдебиетте көлемді жұмыс ретінде аударма саласын таңдады. Шерхан Мұртаза әлемге әйгілі қырғыз елінің жазушысы Шыңғыс Айтматовтың туындыларын қазақ тіліне тәржімалады. Қырғыз жазушысының «Қош, Гүлсары», «Ботагөз», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет», «Боранды бекет», «Жан пида» атты повесть, романдарын орысшадан аударды. - Шерхан Мұртаза – әлем әдебиетінің классик жазушыларының шығармаларын аударған аудармашы. Ганс Андерсеннің әңгімелерін, венгр халық ертегілерін, Мұстай Кәрімнің «Біздің үйдің қуанышы» повесін, Э.Эрскиннің «Марыкчан балалары» романын, Л.Лагиннің «Хоттабыч қарт» повесін қазақ тіліне тәржімалады. «Қара маржан» романы үшін 1978 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын иеленді. - Шерхан Мұртаза өзінің шығармаларында адам бейнесін табиғаттың сұлулығымен астастыра отырып, өте көркем бейнелейді әрі әр кейіпкердің ойын терең түсіне отырып, адам мен табиғаттың тынысы бір екенін көрсете білген жазушы. Шерхан Мұртазаның тұмарындай болған туындысы – «Қызыл жебе» эпопеясы. Бес кітаптан тұратын шығарма - қазақ халқының бір туар ұлы Тұрар Рысқұлов туралы көлемді туынды. Ұлт қайраткері Тұрар Рысқұловтың тағдыры арқылы қазақ халқының басынан кешкен қилы-қилы кезеңдерін қамтиды. «Қызыл жебе» халықтың ыстық ықыласына бөленген шығарма. Тұрар Рысқұлов сияқты күрделі тұлғаны әдебиетке әкелу жазушының үлкен ізденімпаздығы, тарихи оқиғаларды таразылауы үлкен ерлікке пара-пар деп айтсақ, асырып айтқандық емес. Шын мәнінде Шерхан Мұртаза Тұрар Рысқұлов сияқты ел тұтқасы бола білген азаматты әдебиеттендіру арқылы қазақ әдебиетіне үлкен бір сом туынды қоса отырып танытып берді. М. Әуезов «Абай жолы» романы арқылы қазақ халқының ғасырлық тарихын дүниеге паш етсе, Шерхан Тұрар бейнесі арқылы қарама-қайшылыққа тұнып тұрған қазақ халқының тарихындағы ең күрделі, ең ауыр кезеңін шынайы суреттей білді. - Шерхан Мұртаза спортты жанына серік еткен атлет. Мәскеу мемлекеттік университетінде оқыған студенттік шағында бокспен айналысқан. Ол уақытта факультеті намысын қорғап, орта салмақтарда жүлдегер атанған. Шерхан Мұртаза спорттың бильярд және тапанша ату түрінен де жақсы болған. - Шерхан Мұртаза алты жерде бас редакторлық қызмет атқарған. 1970 — 72 жылдары «Жазушы» баспасы жанындағы Балалар мен жастар әдебиеті бас редакциясының және «Жалын» альманахының бас редакторы, 1972 — 75 жылы «Жұлдыз» журналының бас редакторы, 1980 — 89 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, 1989 — 92 жылы «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы, 1989 жылдан-«Егемен Қазақстан» республикалық газетінің редакторы. «Қазақстан» мемлекеттік телерадиокомпаниясының төрағасы. Лениншіл газетіне бас редактор болып келгенде 30 мың таралыммен таралған газеттің оқырманын 150 мыңға жеткізді. Қазақстан ұлттық арнасындағы «Таңшолпан» таңғы ойын-суықтық бағдарламасы Шерхан Мұртазаның идеясымен ашылған. Ел өмірінде орны айрықша, екі туып, қос қайталанбайтын тұлғалардың бірі әрі бірегейі – Шерхан Мұртаза. Өз заманында айбатты аға қазақтың көркем сөзі мен көсем сөзін қоғамдық мінбеге көтеріп, ата-бабаларымыздың айбынды рухын қайыра атқа қондырды. Ұрпақ санасын тәрбиелеп, әдебиет әлеміндегі қазақ журналистикасында Мұртазаның мұнаралары мұнтаздай десек артық айтпағанымыз. Шерағаң өмір бойы өрге жүзіп, қазақ қамы, Алаш абыройы үшін қызмет етті. Ол мазмұнды шығармашылық еңбегі және әдебиет саласындағы зор жетістіктері үшін көрнекті қазақстандық көптеген құрметті атақтар мен марапаттарға ие болған. Шығармашылықпен студент кезінен айналысты. Алғашқы еңбектері қазақ тіліне аударған Қ.Мұстайдың балаларға арналған «Біздің үйдің қуанышы» кітаптары, венгр халық ертегілері, Л.Лагиннің «Старик Хоттабыч» ертегісі, Х.К.Андерсеннің ғажайып ертегілері, Ш.Айтматовтың шығармалары болды. Жазушы роман, повесть, өлеңдер, әңгімелер, пьесалар жазды.
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар