Жаңалықтар

Бұл наурыз мерекесі басқалардан өзгеше (Аңдатпа)

Биылғы Наурыз мерекесі ерекше тойланбақ. Мерекенің мәні мен сәнін арттыру мақсатында облыста 14–23 наурыз аралығында «Наурызнама онкүндігі» тойланатын болады. Әр күн белгілі бір тақырыпқа арналып, терең мәнге ие болды, деп хабарлайды jambylinfo.kz.

Той басталды. Бүгін жамбылдықтар «Көрісу күні – Амал мерекесін атап өтіп жатыр. Білім беру, мәдени ұйымдарда, жоғары оқу орындарында жасы кішілерді үлкендерге арнайы сәлем беріп, құрмет көрсету, қариялардың батасын алу іс-шаралары ұйымдастырылуда.

Сондай-ақ, бүгін Тараз қалалық мәдениет үйінде этнос өкілдері, ардагерлер, жастардың Көрісу күніне арналған мәдени іс-шарасы өтті. Бұл мерекелік іс-шаралар барлық аудандарда ұйымдастырылып жатыр.

 

Ал 15 наурыз  – Қайырымдылық күні.

Бұл күні тұрмысы төмен отбасылар мен мұқтаж жандарға қайырымдылық және көмек көрсету шаралары ұйымдастырылатын болады.

Осы күні жастардың «Ардагерлерді ардақтайық»  қайырымдылық акциясы, облыстағы қарттар үйі, дағдарыс орталықтары, балалар үйіне концерттер өткізіліп, волонтерлік қызметтер көрсетіледі.

Бұл күн Рамазан айының бірінші жұмасымен сәйкес келетіндіктен, Мемлекет басшысының атынан облыс әкімінің ауызашары өткізіледі.

Осы күні барлық аудан мен Тараз қаласы әкімдіктері  ауызашарлар өтеді.

 

16 наурыз (сн.) – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні.

Бұл күн мәдениетті, өнерді және ұлттық құндылықтарды насихаттауға арналып, мәдениет мекемелерінде Ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеу бойынша дәстүрлі іс-шаралар өтеді. Оның ішінде мәдениет, білім беру ұйымдарында мерекелік марафон – халықтың кең тараған салт-дәстүрлерінің көрсетілімдері, кинотеатрларда ұлттық кино апталығы өтеді, білім беру мекемелерінде «Наурыз нақыштары» атты қолөнер көрмелерін ұйымдастырылатын болады.

 

17 наурыз (жк.) – Шаңырақ.

Бұл күні ұлттық киім киген жастардың неке қию, жас жұбайларға ақсақалдар мен көпбалалы аналардың «Наурыз бата» беру шарасын ұйымдастыру, елді мекендерде 50 жыл отасқан отбасылар арасында «Алтын шаңырақ» және 25 жыл отасқан отбасылар арасында «Күміс кереге» атты байқаулар, жаңа туған нәрестелердің ата-аналарына «Наурыз – базарлық» естелік сыйлықтарын табыстап, құттықтаулар ұйымдастырылатын болады.

 

18 наурыз (дүйсенбі) – Ұлттық киім күні.

Бұл күні ұлттық киімдерді танымал ету және сәнді киімдер көрсетілімдері өткізіледі және мерекелік атмосфераны құру мақсатында барлық мекемелерде ұлттық киім киіледі.

 

19 наурыз (сс.) – Жаңару.

Бұл күн тазалық күніне арналады.

«Жаңару» күні көктемгі ағаш егу акциясы мен  көктемгі экологиялық тазалық акциясы өтеді.

 

20 наурыз (ср.) – Ұлттық спорт.

Бұл күні елдің барлық аймақтарында ұлттық спорттан түрлі жарыстар ұйымдастырылады. Атап айтқанда (бәйге, көкпар, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу), құсбегілік  және асық ату, тоғызқұмалақ, садақ тарту т.б. турнирлері өтеді.

 

21 наурыз (бс.) – Ынтымақ.

 

Осы күні Тараз қаласында орталық «Достық» алаңында «Ар ма, әз Наурыз!» атты мерекелік іс-шара өтеді.

 

 

22 наурыз (жұма.) – Жыл басы.

Бұл күні барлық елді мекендерде Наурыз мейрамына арналған мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады.

Іс-шаралар барысында «Наурыз нақышымен безендірілген ең тартымды үй», «Ең таза подъезд», «Ең әдемі көше» т.б. халықтық байқаулар өткізіп, жеңімпаздарын марапаттау ұсынылады.

 

23 наурыз (сб.) – Тазару.

Наурызнаманың қорытынды күні жаңа жылды тұтас ел болып жаңа мақсат, жаңа үмітпен қарсы алудың символы ретінде жалпыұлттық экологиялық акция өтеді.