Жаңалықтар

«Бәріне вальс кінәлі» дейді миллионға жуық ақшасын жоғалтқан бойжеткен

Ол жоғалтқан ақшасын вальс биіне шақырып, ықыласын білдіріп жүрген жігіттің қалтасынан тапқан

Жаздың аптап ыстығынан шаршап, қоңыр салқын кеште сыртқа шыққан бойжеткен сөмкесіне жинап жүрген ақшасын салып алған, –  деп хабарлайды Jambylinfo.

Сол сәт сөз салып, көңіл білдіріп жүрген жігіті қоңырау соғып, жазғы кафелердің біріне шақырады. Кафеге барған соң би алаңына шыққан бойжеткен, «сөмкемнен біреу ұрлап кетер» деген күдікпен миллионға жуық ақшасын қалтасына салып алады. Билеп болғанда ол өз қалтасының бос екенін аңғарады. Шырылдап әркімнен «ақша көрдіңдер ме?» деп сұрағанымен, «көрдім, білдім» деген адам болмайды.

– Ақшам қалтамда тұрса жоғалмайды деп ойлаған едім. Алайда билегенде бүктеліп тұрған бір бума ақша түсіп қалды екен деп топшылағам. Бірақ мен тек вальс билегендіктен, ақша қалтамнан түсіп қалатындай қимылдаған жоқ едім. Сөйтіп мені кафеге шақырған жігіттен күдіктендім. Себебі ол мені билеп жүргенде қатты құшақтай берді. Содан қалтасын тексердім. Расында бір бума ақша «сүйем, күйем» деп соңымнан қалмай жүрген жігіттің қалтасынан шықты. Бәріне вальс кінәлі, -дейді бойжеткен.