Б. Сапарбаев халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтады
- авторjambylinfo.kz
- 1 маусым, 2021
- 218
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығында болып, ондағы тәрбиеленушілермен кездесті. Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесімен құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді.
Орталық тәрбиеленушілері нысанның барлық бөлмелерін көрсетіп, жаңалықтарымен бөлісті. Бұл күні орталықта «Мейірім» жобасы аясында «Мейірім» отбасы ашылып, оның лентасын аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев пен Жамбыл облысының судьясы Ербол Ұлатайұлы қиды. Қонақтар шара барысында балаларды кәсіпке бейімдеу кабинеттерімен танысты. Жаңадан ашылған «Бриллиант» сұлулық салонында орталықтың қыздары шаш қию, тырнақ, бет әрлеумен айналысады. Жеке кәсіпкердік демеушілігімен жасалған салонда қыздар бет әрлеу, маникюр жасауға арнайы курстарды оқып, машықтаныпты. Бұдан соң өздеріне арнайы келген меймандарды балалар «Гаухартас» аспаздық студиясы кабинетін көруге шақырды. Аспаздық студиясы да жеке кәсіпкердің демеушілігімен толықтай жабдықталыпты. Мұнда балалар өз қолдарымен жасаған дәмнен ауыз тиюді ұсынды. Қонақтар ары қарай «Балалық шақтың шуақты қаласы» атты мерекелік концертті тамашалады.
Бердібек Сапарбаев еліміздің ертеңгі тірегі - бүгінгі бүлдіршіндер екенін айта келе, жас ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім, жарқын болашақ сыйлау мемлекет қамқорлығына алынғанын тілге тиек етті.
Тәуелсіздік алған күннен бастап Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың да саясаты балаларға барлық жағдай жасау. Құдайға шүкір деп айту керек, біздің балалар білім, тіл, мәдениет, спорт болсын барлық жағынан басқа елдің балаларынан кем емес. Оған біз қазір осы жерде балалардың өнерін көріп, куә болып отырмыз. Бұл орталыққа келмегенімен 10 айдай болыпты, соның өзінде мұнда көп өзгерістер орын алғанын қуаныштымын. Сол үшін орталық басшылығына, ұстаздар мен тәрбиешілерге рақмет айтамын,-деді өңір басшысы.
Айта кетейік, қара шаңырақта бүгінде 111 бала өсіп жатыр.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз