Жаңалықтар

Б. Сапарбаев: Әлеуметтік дүңгіршектер Таразда және аудан орталықтарында жұмыс істейді

Б. Сапарбаев: Әлеуметтік дүңгіршектер Таразда және аудан орталықтарында жұмыс істейді

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Меркі ауданының әкімі Мейірхан Өмірбектің халыққа есеп беру кездесуіне қатысты.

М.Өмірбек өткен жылы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары туралы баяндады.

- Өнеркәсіптік кәсіпорындар 6,4 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Ауылшаруашылық өнімдерінің жалпы көлемі 35,4 миллиард теңгені құраса, 4284 гектарда заманауи ылғал үнемдеу технологиялары қолданылуда. 38 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.

- Меркі қант зауытына өткен жылы жергілікті шаруалар 55,7 тонна қызылша өткізген десек, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 5,1 мың тоннаға артық. Бүгінгі таңда «Меркі қант зауыты» ЖШС шаруалар алдындағы қарыздарын толық өтеген, - деді М.Өмірбек.

Сонымен қатар, өткен жылы онлайн режимінде екі жер аукционы өткізілді, оның барысында жалпы құны 28,2 миллион теңге болатын 12 жер телімі жаңа иелерін тапты. Ағымдағы жылы осындай аукциондарды әр тоқсан сайын өткізу жоспарланып отыр.

 - Бұл кәсіпкерлерді қолдауға және салық базасын кеңейтуге мүмкіндік береді, - деді аудан әкімі.

М.Өмірбектің айтуынша, 2020 жылы жеті мектепте күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Гранитогорск ауылындағы апатты жағдайдағы мектептің орнына жаңасы салынды. Аудандағы 45 елді мекеннің 38-і орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Алтынарық, Құмарық, Қайыңдысай және Аралқыстақ ауылдарында су сорғы станцияларын салу мен су құбырын тарту үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалған.

 «Дипломмен - ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы аясында 102 маман 28,3 миллион теңге көтерме жәрдемақыға ие болды. 48 жас маманға тұрғын үй салу немесе сатып алу үшін 203 миллион теңге берілді.

Өңір басшысының бастамасымен қолға алынған «Асарлатып үй салу» жобасының арқасында 14 мұқтаж отбасы баспанамен қамтылған.

Сондай-ақ, Мейірхан Өмірбек биылғы жоспарларымен де бөлісті.

- Ағымдағы жылы мемлекеттік бағдарламалар аясында құны 997 миллион теңге болатын тоғыз жобаны іске асыру жоспарлануда. Туризм саласында үш жобаны жүзеге асыруға 880 миллион теңге көлемінде инвестиция күтілуде. Сондай - ақ, бір мектептің құрылысы және екі мектептке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған, - деді ол.

Бердібек Сапарбаев аудандағы суармалы су мәселесінің өзектілігін атап өтіп, аудан әкімдігіне ылғал үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Кездесуге қатысқан тұрғындар бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. Олар ауылдарда әлеуметтік павильондар ашу керектігін алға тартты. Ауыл тұрғындары дәрі-дәрмектің қымбаттығына да наразылықтарын білдірді.

- Әлеуметтік дүңгіршектер Таразда және аудан орталықтарында жұмыс істейді, ал жақын арада әрбір елді мекенде ашылатын болады. Ал, дәрі-дәрмектерге қатысты, әркім мемлекеттік деңгейде белгіленген бағалардың шекті деңгейі белгіленгенін білуі тиіс. Егер одан асып кетсе, бұл туралы тиісті органдарға хабарлау қажет. Аталған фактілер бойынша тексеру шаралары жүргізіліп, тәртіп бұзғандар жазаланады, - деді Бердібек Сапарбаев.

Сыпатай батыр ауылының тұрғыны, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Меркі ауданының Құрметті азаматы Шырын Мамасерікова меркіліктер атынан облыс әкіміне алғысын жеткізді.

- Сіз қай жерде жұмыс істесеңіз де, барлық көрсеткіштер бойынша өсу басталады. Сіздің бұл жолғы мақсатыңыз біздің өңірді дамыту болғанына біз өте қуаныштымыз. Меркі ауылдарында оң өзгеріс байқалады, күн санап тұрғындардың әл-ауқаты артуда, - деп атап өтті ол.

Бердібек Сапарбаев Мейірхан Өмірбекке көтерілген мәселелердің әрқайсысымен жұмыс жасап, шешуді тапсырды және табиғи газ, ауыз су, суармалы сумен қамтамасыз ету секілді маңызды мәселелерді шешуге ықпал етуге уәде берді.

- Тіпті, ұсақ мәселелердің өзін елемеу ерте ме, кеш пе, жалпы аудан экономикасына да, азаматтардың өмір сүру сапасына да әсер етуі мүмкін. 2021 жылға ауқымды жұмыстар жоспарланған, қазақстандықтардың, оның ішінде меркіліктердің өмір сүру деңгейін жақсартуға қомақты қаражат бөлінуде, оны тұрғындардың игілігі үшін тиімді жұмсау қажет. Жастарды, әсіресе, кәсіпкерлікпен және ауыл шаруашылығы саласында тер төгіп жүргендерді барынша қолдап, жұмысшы мамандықтарының беделін көтеріп, олардың маңыздылығын көрсету керек. Мысалы, қазір білікті жас агрономдар өте аз. Жастар осында қалып, туған ауылына көмек көрсетуі үшін ауылдық жерде жұмыс жасаудың маңыздылығын арттыру қажет, - деді Бердібек Сапарбаев.

Сондай-ақ, аймақ басшысы Меркі ауданының әкіміне азық-түлік бағасының өсуін бақылауды тапсырды. Әр отбасы жеміс-жидек, ет, көкөніс және балықты белгіленген қолжетімді бағада сатып алуы тиіс.

Бұдан соң Бердібек Сапарбаев «Nur Otan» партиясының аудандық филиалы алаңында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді.