Бала қауіпсіздігі – өзекті мәселе
Бала қауіпсіздігі мәселесі облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовтың төрағалығымен өткен жиында жан-жақты талқыланды
Балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету бүгінгі күннің басты мәселесі саналады. Оның ішінде балалар арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылық фактілерінің алдын, оңтайлы профилактикалық шараларды жүзеге асыру айрықша назар аударуды талап етеді. Облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовтың төрағалығымен өткен облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөнінде комиссияның кеңейтілген отырысында балалар арасында қылмыс және құқық бұзушылық жасаған жасөспірімдерді оңалту бағытындағы жұмыстардың жайы айтылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Аталған комиссия кәмелетке толмағандарға қатысты аутодеструктивті мінез-құлықты диагностикалау, олардың діни сауаттылығын көтеру, еңбегін пайдалануда заң талаптарының орындалу барысын қадағалап, өнерге баулу, спорттық секциялармен қамтуды жүзеге асырады. Соның есебінен қылмыстық көрсеткіштердің төмендеуіне ықпал етеді. Мәселен, Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаилдың сөзінше, оңтайлы іске асырылған профилактикалық шаралардың нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда шаһарда жасөспірімдер қылмысы 5,1 пайызға қысқарған.
Сонымен бірге қала әкімінің орынбасары балалар құқығын қорғауды күшейту, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылдың алдын алу мақсатында 2023-2024 жылдарға арналған «Тараз қауіпсіз қала» жобасы аясында іс-шаралар атқарылып, жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен салауаттылығын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының Жол картасына сәйкес, психологиялық-педагогикалық консилиум құрамында білікті педагог-психологтар жұмыс жасап жатқандығын атап өтті. Бұдан бөлек, жиында Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Мақпал Досымбекова мен Жуалы ауданы әкімінің орынбасары Анар Ахметова балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жайын баян етті.
Сондай-ақ, аталған комиссия отырысында облыстық психологиялық орталықтың директоры Ришат Райф орталық тарапынан атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Жиын соңында комиссия төрағасы Серік Сәлемов балалар қауіпсіздігі қашанда бірінші орында екендігін атап өтіп, бұл бағытта бірлескен жұмыстар өз жалғасын табатындығын жеткізді.