Жаңалықтар

"Балаң қазақша білмесе және соны мақтан етсең, онда сен екінші сортсың"- Баспагер Арман Әлменбет

"Балаң қазақша білмесе және соны мақтан етсең, онда сен екінші сортсың"- Баспагер Арман Әлменбет

Қазақ болу деген басқаларды жек көру емес, өзіңнің табиғатыңа сай болу деп есептейді, белгілі баспагер, жазушы Арман Әлменбет. Ол өзінің Facebook парақшасында қазақ тіліне қатысты бірқатар ұстанымдарын жазып бөлісті. «Біз, яғни қазақша өскен қазақтар, өзімізді екінші сорт сезінеміз. 99 пайызымыз сондаймыз. Оны айтпасақ та, аттап басқан сайын ісімізбен, сөзімізбен көрсетіп қоямыз. Мысалы... Егер сен банкоматқа барғанда орыс тілін таңдасаң; Егер сен бір мекемеге барғанда, қоңырау шалғанда алдымен орысша сөйлесең; Егер сен Әйгерімді Айгера, Айнұрды Айнура десең (өйткені орыстардың аттары Наташа, Лена, Саша, Ксюша ғой), ата дегенді аташка (дедушка), әже дегенді әжека (бабушка), апа/әпке-сіңілі/қарындас дегенді сестра дейтін болсаң; Егер сен балаңа ат қойғанда ә, і, ң, ғ, ү, ұ, қ, ө, һ деген әріптері жоқ аттарды таңдауға тырыссаң; Егер сен орысша сөйлеген адаммен сыпайы сөйлесіп, қазақша сөйлеген адамдарды басына сөйлейтін болсаң; Егер сен қазақша кітап оқымасаң, ютубтан қазақша видеоларды ашпайтын болсаң, қазақша шыққан киноларды менсінбесең, тек орысша не ағылшынша контентті ғана қызықтасаң; Егер сен балаңды орыс сыныбына берсең; Балаң қазақша білмесе және соны мақтан көрсең, онда сен екінші сортсың және соған көндіккен адамсың. Ауруды емдеу үшін мойындау керек. Егер екінші сорт екенің рас болса, онда соны мойында да, жоғарыдағы әдеттеріңнен құтылып, керісінше істе. Өз-өзіңді қор сезінбе, басыңды көтеріп жүр, бір-біріңді қолда, белсенді бол. Мына ел біздікі. Біз қазақша сөйлесіп, қазақша өмір сүретін бақытты елге айналуымыз керек»,- делінген жазбада. Айта кетейік, соңғы кездері кез келген ортада қазақ тілін талап етушілердің қатары көбейіп келеді. Сондықтан оның қолданыс аясын кеңейтіп, әрқашан «қазақ тілін» таңдайық. Дереккөз: Ztb.kz