Жаңалықтар

Балабақша қызметін лицензиялау 2024 жылы басталады – министрлік

Балабақша қызметін лицензиялау 2024 жылы басталады – министрлік

2024 жылдан бастап Қазақстанда балабақшалар қызметін лицензиялау шарасы қолға алынады. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігі білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова мәлім етті. «Балабақша қызметін лицензиялау жаңа дүние емес. 2011 жылға дейін лицензиялау болған. Сол жылдары министрліктің алдында балаларды мектепке дейінгі білім-тәрбие ошағымен қамтамасыз ету міндеті тұрды. Сол себепті лицензиялауды уақытша алып тастады. Содан бері 10 жыл уақыттың ішінде балабақшамен қамту мақсаты орындалды. Бүгінде еліміз бойынша балабақшамен қамту көрсеткіші 99 пайызды құрайды. Ендігі уақытта сапаға мән беру керек. Яғни балабақшалардың қаншалықты заң, талап пен сұранысқа сай жұмыс істейтіні маңызды болып отыр», - деді Гүлзат Көбенова министрліктің «Oqu-ağartu LIVE» жобасының эфирінде. Оның айтуынша, биыл және келесі жылы балабақшаларды лицензиялауға дайындық жұмысы жүреді. Ал лицензия беру 2024 жылы басталмақ. «Лицензиялау жұмысы кезең-кезеңімен жүреді. Ол ең алдымен жаңадан ашылған балабақшаларға қатысты. Айта кетсек, елімізде орташа есеппен жылына 200 балабақша ашылады. Екіншіден, мемлекеттік аттестациядан өтпеген балабақшалар лицензияланады. Статистикаға сүйенсек, мемлекеттік аттестициядан 2 рет өтпей қалған балабақшалардың үлесі 1-2 пайызды құрап отыр. Үшінші кезеңде қызметі бойынша тәуекел және күмән тудыратын балабақшалар лицензияланады», - дейді ол. Сондай-ақ, комитет басшысы білім беру ұйымдарының қызметін лицензиялау мектеп және колледждерде бар екенін еске салды. Бұған дейін ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов балабақшаларды лицензиялау процесін түсіндіріп берген еді. Еске сала кетсек, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жекеменшік балабақшаларды лицензиялау тәртібі қайта енгізілетінін айтты. Дереккөз: Қазақпарат сайтынан