Жаңалықтар

Балалар омбудсмені кәріз құдықтарын ашық қалдырғаны үшін әкімдерді жазалауға шақырды

Балалар омбудсмені кәріз құдықтарын ашық қалдырғаны үшін әкімдерді жазалауға шақырды

Қазақстанда екі аптаның ішінде Қызылорда және Түркістан облыстарында люкке құлап, екі бала қаза тапты. Екі жағдайда да люктер әкімдіктерге тиесілі болды. Бұл туралы балалар омбудсмені Динара Зәкиева айтты, деп хабарлайды Жамбылинфо. «Инфрақұрылым қауіпсіздігін қамтамасыз етпеген және балалардың өліміне әкеп соқтырған абайсыздыққа жол берген кінәлі лауазымды тұлғаларды тексеріп, жауапкершілікке тарту қажет деп санаймын. Сондай-ақ, осы саланы қадағалайтын жергілікті атқарушы органдардың басшылары мен аталған аудандардың әкімдерін жауапкершілікке тарту қажет деп санаймын», – деп жазды Динара Зәкиева. Сондай-ақ ол өтініштің уәкілетті органдарға жіберілетінін атап өтті. «Тамызда біз мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, инфрақұрылымдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары, атап айтқанда, ашық люктер мәселесін көтердік. Еліміздің вице-премьері тиісті тапсырмалар беріп, еріктілермен бірге барлық аймақтарда рейд ұйымдастырды», - деді Зәкиева. Айта кетейік, 1 желтоқсан күні Түркістан облысында 2019 жылы туған баланың жоғалғаны туралы хабарланды. 3 желтоқсан күні баланың мәйіті көрші үйдің кәріз құдығынан табылды. Қызылорда облысында да дәл осындай жағдай екі апта бұрын қайталанған. 25 қараша күні 8 жасар бала ашық тұрған кәріз құдығына құлап кетіп қайтыс болды. Бұл екі жағдайда да құдық әкімдікке тиесілі болған.