"Ұлымды дөнер үшін өлтірді» Ақтөбедегі спорт мектебінде көз жұмған жасөспірімнің әкесі кінәлілер жазалануын талап етіп отыр
Спорт мектебінде қайтыс болған жасөспірімнің әкесі Қайрат Қайназаров ұлының әлімжеттіктің құрбаны болғанын айтты. Өмірден өткен өрімдей жас баланың өліміне ата-анасы «дедовщина» себеп болғанына сенімді. Өйткені, марқұмның сыңары егізінің көз алдында жан тапсырғанын көрген, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Спорт шеберлігіне үміткер болған 14 жастағы Бексұлтан Әбубәкірдің денесі жер қойнына тапсырылды. Марқұмның әкесінің сөзінше, егіз ұл аталған мектепке 2 жыл бұрын қабылданған екен.
"Балам Бексұлтан – егіздің сыңары. Бес қыздан кейін Алладан сұрап алған ұлдарым. Егіздерім Бексұлтан мен Ерсұлтан спорт мектебінде бірге оқиды. Екеуі де еркін күрестен спорт шеберіне кандидат. 2022 жылы Есет батыр атындағы спорт мектеп-интернатына қабылданған. Бұл мекеме олимпиадалық резервте, балалар жатып оқиды", – дейді Қайрат Қайназаров.
Қайтыс болған Бексұлтанның әкесі сол күні болған оқиғаны айтты. Оның сөзінше, бауырының үлкендерден таяқ жеп, ауыр соққыдан жан тапсырғанын егізі Ерсұлтан көрген. Көкірек тұстан тиген сұрапыл соққы 14 жастағы баланы сұлатып түсріпті. Әкесі баласының құлаған сәті камераға түсіп қалғанын айтады.
"Сағат кешкі 18:00-ден кейін жатақханадағы барлық қызметкер жұмысынан кеткен. Оқушылар тәрбиешілер кеткен соң өз шаруасына кіріскен. Жоғарғы сыныптың оқушылары, 10-сынып, 9-сынып, колледждің балалары бәрі жиналып, 10 баланы бөлмеге кіргізіп алып әлімжеттік көрсеткен. Сондағысы бұлардан дөнерге ақша талап еткен, бұлар бермеген. Сол жерде соққыға жыққан", - дейді Қайрат Қайназаров.
Баласы қайтыс болатын күні анасы алысқа жолға аттанған көрінеді. Бірақ ана жүрегі баласынан айрылатынын сезбеген екен. Қайрат Қайназаров сарапшылар баласының ауыр соққыдан тамыры жарылып, талқаны таусылғанын айтқан. Ал, егіздің сыңары Ерсұлтанның қазір жағдайы нашарлаған.
"Барлық 10 баладан кеше полицияда сұрақ алынды. Балам соққыдан қайтыс болды, ал ғаламторда айтылған басқа ақпараттардың барлығы жалған. Соққы баламның жүрегіне тиген, тіземен жүрегінен тепкен, сарапшы тамыры жарылып кеткен деді. Ерсұлтанның жағдайы қазір нашар. Бәрі көз алдында болған. Баламның психикасы аяқасты бұзылып, ауырып жатыр. Ұрған балалар, қасында тұрған балалар, тәрбиеші, директор, бәрі өз жазасын алсын. Бұл әлімжеттік 10 күнде бола қойған дүние емес, бұрыннан келе жатқан, қалыптасқан жүйе", - дейді қайғыдан қан жұтқан әке.
Ақтөбе облысы полиция департаментінің мәліметінше денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Сондай-ақ спорт мектебінің қызметкерлеріне қатысты тергеу басталды.