дүйсенбі, 30 қыркүйек, 2024 16:39

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Балықшылар бақ сынасты

Балықшылар бақ сынасты
ашық дереккөзі
Балықшылар бақ сынасты
Өткен аптаның соңында Шу ауданындағы Тасөткел су қоймасында балықшылар бас қосып, кіл мықтыны анықтау үшін бақ сынасқан болатын. Бұл Жұмахан Чекаев басқаратын "Балық Fest Shu" қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған кезекті жарыс. Осыдан бір жыл бұрын аталмыш шара жалауын желбіреткен еді. Қазақ халқының біртуар перзенті, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, академик Д.Қонаевтың дүниеден озғанына 30 жыл толуына орай еске алуға арналған жарысқа еліміздің бірнеше өңірінен және көршілес қырғыз елінен 200-ге тарта балықшы бас жүлдені сарапқа салды. Аталмыш шараның ашылуында есімі елге белгілі меймандармен бірге аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков, аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов арнайы қатысып, дәстүрлі доданың ашылуында құттықтауын жеткізді. -Бүгін Шу ауданында адамзат үшін ең қызықты құмарлық – балық аулаудан жарыс өткелі тұр. Сіздерді облысымыздың ірі су қоймасы Тасөткел су айдынында көргеніме қуаныштымын! Баршаңызға сәттілік тілеймін! Халқымыздың асқаралы тұлғасы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевты еске алуға арналған осындай шара игі дәстүрге айналып отыр. Бұл ұйымдастырушылардың еңбегі екені сөзсіз. Биыл Димаш Ахметұлының өмірден озғанына 30 жыл. Осыған орай еліміздің әр түкпірінде, оның ішінде ауданымызда еске алу шарасы өтіп, кемеңгердің рухына құрмет көрсетілген болатын. Бүгінгі жарыс та заңғар тұлғаға деген құрмет болары ақиқат,-деді Бақытжан Оразалыұлы. Мұнан соң Мәдениет үйінің әншілері жиылғандарға әннен шашу шашып, айтыскер ақын Бақтыбек Жұмабеков арнауын паш етті. Одан бөлек осы шараға арнайы ат басын бұрған әйгілі Сүйінбай ақынның ұрпағы Серік Шаймұхамбетов ақын-жыршы Аяз Бетбаевтың "Аталар қайда өлмес-ай" термесін орындады. Бұдан да бөлек Д.А.Қонаев атындағы халықаралық қордың вице - Президенті Шатырхан Керімбеков, қонаевтанушы әрі аталған қордың қамқоршылық кеңесінің мүшесі Қалдарбек Срайылов сөз алып, ұйымдастырушыларға өз марапаттарын ұсынды. Төзімділік тәрбиелеп, байыптылыққа баулитын балық аулау жарысында аулаған балықтары таразыда ауыр тартқан қатысушылар жеңімпаз деп танылды. Оның ішінде бұрымды балықшы Еркежан Нәсіпқызының ұстаған балығының жалпы салмағы 3 келі 750 грам болып, бірінші орынды иеленсе, Шалқар Қылышбаев 3,700 келі балық аулап, екінші орынды еншіледі. Сол секілді 3,200 келі балық аулаған Алтай Таджиев үшінші орын тұғырынан көрінді. Одан бөлек Қуаныш Найзағараев, Абдухамит Мандинов, Алжан Таятаев, Нұржан Қасқабай сынды балықшылар үздік жетіліктің ішіне енді. Қармағы мол қапқан қатысушылар ұйымдастырушылар тарапынан бағалы сыйлықтарға ие болды. Екі күнге созылған сайыста Димаш Ахметұлының рухына Құран бағышталып, қонақтар мен қатысушыларға ақ дастархан жайылды. - Дәстүрлі жарысымыз биыл ауқымын кеңейтіп, тіпті халықаралық деңгейдегі додаға ұласты. Шараның мақсаты әр жердегі балық аулауға аңсары ауған жандардың басын қосу, салауатты өмір салтын насихаттау және табиғатты аялап ұстауға шақыру. Бізге қолдау көрсеткен аудан басшылығына, қоғамдық бірлестік мүшелері мен мұраттас ағайынға алғыс білдіремін. Алдағы уақытта да бұл үрдіс жалғасын табады деген сенімдемін,- дейді шараның ұйымдастырушы Жұмахан Төлеуұлы.
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар