Бас прокуратураға буллингке байланысты 1800-ден астам шағым түскен
Қазақстан прокурорларына Telegram чат-боттары мен мектептердегі QR-кодтар арқылы мұғалімдер мен сыныптастары тарапынан балаларға жасалған орынсыз әрекеттер мен буллинг туралы 1809 хабарлама келіп түсті.
Тексеру нәтижесінде 192 адам әкімшілік жазаға тартылып, 1617 адам профилактикалық әңгімелесумен шектелді, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Сонымен қатар, прокурорлар 63 мыңнан астам отбасына барып, балаларға қауіп төндіру немесе зорлық-зомбылық фактілерін анықтауға тырысты.
Жүргізілген жұмыстардың қорытындысы бойынша 93 сотқа дейінгі тергеу басталды, 11 мың ата-ана мен заңды өкіл өз міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кәмелетке толмаған 342 бала қолайсыз отбасылардан алынып, мемлекеттің қамқорлығына берілді.
Қадағалау органы ата-ана құқықтарын шектеу бойынша 54 талап арыз және толықтай айыру туралы 92 талап арыз берді.