Баспалдақ робот: Ерекше жандарға арналған инновация
- авторjambylinfo.kz
- 11 наурыз, 2025
- 359

Жамбыл облысы, Меркі ауданындағы №48 орта мектептің 8-сынып оқушысы Райымбаев Бабур ерекше әлеуметтік жобаны жүзеге асырды, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Ол мүмкіндігі шектеулі адамдардың қозғалысын жеңілдету мақсатында «Баспалдақ» роботын құрастырды.
Бүгінде робототехника – тек ойыншықтар мен өндірістік машиналар ғана емес, адам өмірін жақсартуға бағытталған инновациялардың бір бөлігі. Ғылым мен технология күн сайын дамып, тұрмысымызға жаңа мүмкіндіктер сыйлауда. Осы тұрғыда робототехника саласындағы білімді кеңейту өте маңызды.
Жас өнертапқыш бірнеше ай бойы зерттеу жүргізіп, LEGO Mindstorms EV3 конструкторының көмегімен роботтың алғашқы прототипін жасап шығарды. Бұл құрылғы мүмкіндігі шектеулі жандарға баспалдақпен көтерілу мен түсуге көмектесуге арналған. Бабур роботтың тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы гироскопиялық сенсор орнатты.
Роботты әзірлеу барысында дөңгелектердің диаметрін дұрыс таңдаудың маңыздылығы анықталды. Себебі құрылғы баспалдақпен көтерілгенде тұрақтылықты сақтауы тиіс. Сонымен қатар, бағдарламалау кезеңінде қозғалысты басқару үшін арнайы алгоритм жасалды.
«Мен бала кезімнен робототехникаға қызығамын. Бұл жобаны жасау маған үлкен тәжірибе берді. Алғашында қиындықтар болды, бірақ ұстазымның көмегімен барлығын жеңдік. Біздің робот мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін жеңілдетеді деп сенемін. Болашақта оны одан әрі жетілдіруді жоспарлап отырмын», – дейді Бабур.
Жобаның жетекшісі, информатика пәнінің мұғалімі Ахилбаева Сәуле Булатбекқызы да бұл жұмыстың маңыздылығын ерекше атап өтті:
«Оқушылардың осындай әлеуметтік маңызы бар жобалармен айналысуы – олардың шығармашылық және техникалық қабілеттерін дамытуға үлкен мүмкіндік. Бұл жоба тек робототехника саласындағы білімді кеңейту ғана емес, қоғамдағы маңызды мәселелерді шешуге де үлес қосады. Егер бұл робот өндірістік деңгейде жүзеге асса, көптеген мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек болар еді».
Бүгінде кедергісіз орта құру – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Сол себепті мұндай инновациялық құрылғылар ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін таптырмас көмекші болмақ.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз