Жаңалықтар

Басшылық пен баспасөз қызметі арасында тікелей байланыс болуы керек – Бибігүл Жексенбай

Басшылық пен баспасөз қызметі арасында тікелей байланыс болуы керек – Бибігүл Жексенбай

ҚР Парламенті Сенаты төрағасының бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс жөніндегі кеңесшісі, танымал тележүргізуші Бибігүл Жексенбай мемлекеттік органдардың баспасөз қызметінің ақпаратты тарату қызметіне қатысты өз ойын ортаға салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бүгін елордада мемлекеттік және корпоративтік коммуникацияны дамыту мәселесіне арналған PR форум өтті. Аталған шарада қаралған мәселенің бірі - баспасөз қызметінің жұмысы және жалпы ақпарат тарату жайы. «Кризистік кезең дегенде пандемия, қаңтар оқиғасы еске түседі. Кризистік және төтенше жағдайда мемлекеттік органдардың баспасөз қызметінің шешім шығаратын адамдарға жақындығы маңызды рөл атқарады. Бұндай жағдайда басшылық пен баспасөз қызметінің арасында ашық әрі тығыз байланыс болуы керек. Сондай-ақ, маңызды ақпаратты жедел таратқан абзал. Одан бөлек, айтары бар спикердің жұртшылық және БАҚ алдына дайындалып келуі маңызды», - деді Бибігүл Жексенбай елордада өткен PR форумда. Оның айтуынша, фейк ақпараттар тез тарап жатқан уақытта меморгандардың қоғамға айтпағы мен жауабы жүйелі әрі жылдам ұйымдастырылуы тиіс. «Орта буын өкілдері біледі, бұрын бізде медиа жоспар болды. Қазір ақпарат ағыны көп және бүгін құрған медиа жоспарың ертең маңызын жоғалтуы ғажап емес. Яғни, бүгінгі ақпарат ертең дәл сондай қажеттілік пен сұранысқа ие емес. Сондықтан да бүгінде мемлекеттік органдардың немесе биліктің айтпақ месседжі айтарлықтай трансформацияға ұшырады. Бұрын мемлекеттік органдардың ізінен журналистер ақпарат сұрап жүгіріп жүрсе, қазір керісінше», - дейді ол.