Жаңалықтар

Басылымдарға жазылу мәдениеттіліктің белгісі

Басылымдарға жазылу мәдениеттіліктің белгісі

Оның үлгісін министрлер көрсетті

Кеңес Одағы – идеологиялық мемлекет еді ғой. Ол заманда басылымдардың таралымы тұрғысында  күрделі мәселе болған емес. Баспасөзге жазылу науқаны қарқынды жүргізілетін. Жауаптылар бұл науқан бойынша да есеп беріп жататын. Содан да қанша орыс тілінің үстемдігі көзге ұрып тұрса да, қазақтар қазақ басылымдарына жазылуға міндетті саналатын. Қазақ басылымдарының  таралымы жүз деген мың болатын. Қазір де жазылу науқаны жүргізіліп жатыр. Өткен екі жылдағы әлемді меңдеген тәжі вирусы да біраз мүмкіндіктерімізден айырды. Мұның барлығын аса құрметті оқырман, Сізге айтып отырмыз! «Қазақ газеттері» ЖШС -ы атанған басылымдар жақында Алматыдағы «Егемен Қазақстан» газетінің бөлімшесінің қасына құдайы көрші болдық. Бұйыртса, жаңа жылдан бастап, тағы да «Қазақ газеттері» атауымен үлкен корпорация құрылмақ. Корпорация құрамында: «Ана тілі», «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «TENGE MONITOR», «Ұйғыр авази» газеттері; «Ақиқат», «Үркер», «Мысль» журналдары; балаларға арналған: «Балдырған», «Ұлан», «Ақ желкен», «Дружные ребята» басылымдары бар. «Егемен Қазақстан» ЖШС директоры, белгілі ғалым, публицист Дихан Қамзабек: «Басты мәселенің бірі –  басылымдарға жазылу ісі. «Газетті қуаттандыратын қаржының елеулі бөлігі әкімдіктердің мемлекеттік тапсырысы мен жұртшылықтың жазы­луынан құралады. Ілгеріде Ақаңдар «Қазақ» газетіне қомақты қаржы құйған ауқаттылардан бастап, азын-аулақ ақша аударған шәкірттерге дейін тізімдеп жариялағанын білеміз. Бұйырса, ол адами нарықтың жалғасы да төбе көрсетер. Солай деп үміттенеміз… Қазір қоғамда «Мұғалім газет-журналға жазылмауы керек» деген түбірімен теріс көзқарас жүр. Ау, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы еріккеннен газет ашқан ба? Қайта бүгінгінің бастамасы «Қазақ мұғалімі ұлт жазуы мен ойының айнасы – газет-журналдарды қолдайды!» болуға тиіс. Мұны мәдениет саласы мен мемлекеттік қызметкерлерге де қаратып айтуға мүдделіміз» – деп жазды фейсбуктегі парақшасында. Қанша ғаламтордың заманы дегенмен, қағазға басылған газет-журналдың, кітаптың орнын ештеңе баса алмайды. Жетілген елдерде қазір де газет-журналдар миллиондаған данамен басылады. Бізде де бәрібір күндердің күнінде уақыт атты төреші басылымдарға қажеттілік туғызады. Ғаламтордан кез келген ақпаратты тапқа­ныңызбен жан-жақты сараптама табыла бермейді. Екіншіден басылымдарға жазылу мәдениеттіліктің белгісі болып қалады. Мәдениеттілік демекші, жақында жаңашылдығымен көзге түскен министрлер – Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі мен Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбет екеуі, Астанадағы «Қазпоштаның» орталық бөлімшесіне арнайы барып, мерзімді басылымдарға жазылғанын әріптес­те­ріміз жарыса жазды. Үлгі деген осы. Бұдан үлкен де, кіші де үйренуі керек. Осы бастаманы министрлердің әріптестері, зиялы қауым қолдап кетсе өз нәтижесін  берері сөзсіз. Егер Сіз өзіңізді мәдениетті, бар­лығынан хабардар болғысы келетін адам ретінде ұстағыңыз келсе, әлемжеліні түгел ақтарып шығып, бір уақ мерзімді басы­лымдарға көз жүгіртіңіз. Сонда әлем­желідегі құрғақ мәліметтерден гөрі қағаздағы сараптама артық екендігін көресіз. Әрбірдесін жалаң ақпарлармен шек­телмей, қазір де ұлттың сөзін айтып жүрген сол басылымдардағы қаламгерлер. Тағы бір назар аударатын ерекшелік, мысалға «Ана тілі» газетіне бір жылға жазылу («Қазпошта» бойынша) ауыл халқы үшін бес-ақ мың теңге. Ал ол сіздің қалтаңыздан түсіп қалуы да мүмкін ақша ғой. Қысқасы газет-журналға жазылыңыз, ағайын! Дереккөз: anatili.kazgazeta.kz сайтынан