сенбі, 28 желтоқсан, 2024 6:48

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

БАТАМЕН ЕЛ КӨГЕРЕДІ...

БАТАМЕН ЕЛ КӨГЕРЕДІ...
ашық дереккөзі
БАТАМЕН ЕЛ КӨГЕРЕДІ...
Қадірлі қариядан бата алу - қазақтың ықылым заманнан бергі айнымай келе жатқан салты. Өткенсіз бүгін, бүгінсіз келешек жоқ. Қанша жерден дамыған елдер көшіне ілесеміз, ескіден арылып, жаңамен жанасамыз десек те, тамырсыз тал болмайтындығын ұмытпаған абзал. Бұл турасында Елбасы: «Қазақтың Мәңгілік Ғұмыры ұрпақтың Мәңгілік Болашағын баянды етуге арналады» деп жолдауында айрықша айтып өткен-ді. Демек, қазақтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, өзіндік мәдениеті болмай, ұлт болып қалыптасуы мүмкін емес жайт. Бүгінде әлемдік аренада өзіндік орнын алған Қазақстанның салт-сана, таным-болмысын жаһан жұрты танып, ұлттық мәдениет деп мойындады. Ал сол ұлттық құндылығымыздың хал-қадірін, мән-маңызын білу бүгінде біз үшін маңызды. Қазақ - өзі сөзге тоқтаған, сөз құдыретін сезіне, салмақтай білген халық. Адамның адамдығын да тілеуіне, пейіліне қарап бағалаған жұрт. Бесікте жатқан баласына берілген батаға, айтылған сөзге ерекше мән беріп, санасында сақтаған ұлт. «Баталы ер арымас, батасыз ер жарымас» деген бабадан қалған қастерлі сөзі бар. Дуалыдан шыққан бір ауыз сөзді жадында жаттап, баласының құлағына құюмен ер жеттірген ел. Сол қазақтың рухани құндылықтарына Кеңестік кезеңде түрлі соққы жасалды. Дінімен қатар әдет-ғұрыптарына да тыйым салынды. Соның кесірінен қазіргі «дүбәрә» ата мен әже, жолын білмейтін аға буынға жолығып отырмыз. «Бата» сөзі қазіргі таңда тек алғыс, тілек ретінде қолданылады. Алайда, алғыс пен қарғысты кез келген адам айта алады. Ал батаны сөзінің салмағы бар, ел мойындаған ерлер береді. Тілек пен батаның ерекшеліктері қандай? Ақ батаны екінің бірі емес, тек қана батагөй ақсақал алқалы топтың атынан қалыптасқан формулалы өлеңді пайдалана отырып беретін болса, керісінше кез келген қарапайым адам қандай бір істің үстіне тап келгенде оң ниетін білдіру мақсатында тілек сөздерін шама-шарқынша айтатын әдет бар. Батаның көлемі недәуір үлкен, құрылымы күрделі болса, тілектің көлемі қысқа, бір-екі жолдан құралған ырғақты қара сөз немесе тақпақтан тұрады. Бата аяқталғанда қалың қауым бір ауыздан «Әумин. Айтқаныңыз келсін!» деген сөздерді айтып қошамет-қолдау білдірсе, ақ тілекті естіген адам оған қарымта жауап қайтарып, көңіл-күйін жедел білдіруі тиіс. Бір сөзбен айтқанда, тілек екі адамның диалогі ретінде орындалады. Мысалы, айтылған ақ тілекті қабыл алушы «Айтқаныңыз келсін», «Аузыңа май, астыңа тай», «Өз басыңа да сол келсін», «Құдайдың құлағына шалынсын», «Алла разы болсын» деген дағдылы жауаптарды береді. Тілек тұрақты қайталанатын қасаң тіркестерден құралады. Оның мағынасы сол атқарылып жатқан іспен тікелей үйлесіп тұрады. Мысалы, ауыл жаңа жұрқа қонғанда «Қоныс жайлы, кереге басы майлы болсын», жолаушы сапарға аттанғанда «Жолың болсын, жолдасың Қыдыр болсын», аңшыға «Қанжығаң қанды болсын», шам жаққан балаға «Көзіңнің оты жансын. Балаңның аты Таңжарық болсын» секілді т.б. тілектерді айту дәстүрге айналған. Иә, бата беру – ақ ниет, жақсы тілек білдірудің ұлттық дәстүрі. Жақсылыққа бастайтын дәстүр шығыс халықтарында да қалыптасқан. Бұқара батадан рухани қуат алып, ол жақсылыққа жол ашады деп сенеді. Сондықтан да қазақтар ежелден-ақ қадірлі қариялардан, аты мәшһүр билерден, шешендер мен арқалы ақындардан бата алуға құштар болған. Бата - тек тілек емес, тұла бойы тәрбие. Мәселен, ұзатылғалы жатқан қызға әкесі не әулеттің үлкені бата беріп, бақыт тілесе, сөз арасында келін болудың қыр-сырын да түсіндіріп, жауапкершілік артады. Сондай-ақ, батаның белгіленбеген өзіндік ережесі бар. Бата берілген кезде жиналған жұрт қолдарын жайып, тыныштық сақтауға, бір-бірімен сөйлеспеуге, ыржалақтап күлмеуге, ас-су ішпеуге, басқа шаруамен айналыспауға тиісті. Бата біткен соң «әумин» деп айтып, алақандарымен беттерін сипайды. Бата бізге Ислам дінімен қатар жеткендіктен, шариғат шарттары орындалады. Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар дейміз. Ал бата - сан ғасырдан бері қазақпен бірге жасап келе жатқан жоралғымыздың бірегейі. Заман талабы мен талғамға сай бүгінде бата да жаңарып жазылып, айтылып жүр. Абдыханова Ғ.Т. – М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің оқытушысы
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар