Беларусьтен бастау алған жеңіс эстафетасы Қазақстаннан Қырғызстанға табысталды
- авторБақытжан Бекболат
- 30 сәуір, 2025
- 208

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай Қазақстан мен Қырғызстан арасында символикалық әрі тарихи маңызы зор «Жеңіс эстафетасы» өтті, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Ауқымды патриоттық акция екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ ортақ тарихи жадыны сақтауға бағытталды. Эстафетаға Қазақстан тарапынан подполковник Нұрбек Р.О., Қырғызстан тарапынан полковник Сабиров А. жетекшілік етті. Олар шараның тек әскери рәсім емес, халықтар арасындағы рухани байланыстың көрінісі екенін ерекше атап өтті.
Жамбыл облысында өткен эстафетаның ресми бөліміне ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары, полковник Саят Серікұлы Шубаев қатысты. Өз сөзінде ол:
> «Бұл эстафета — Жеңіс рухын жаңғыртудың ғана емес, жас ұрпақты Отанды сүюге тәрбиелеудің маңызды бір кезеңі. Біз бұл арқылы соғыс жылдарының батырларын ұмытпай, олардың ерлігін құрметтеуді жалғастырамыз», — деді.
Іс-шараға сондай-ақ Қордай ауданы әкімдігінің өкілдері де қатысып, ел бірлігін, тарихи сабақтастықты, патриоттық тәрбиенің маңыздылығын атап өтті.
Жеңіс эстафетасы Жамбыл облысы арқылы жүріп өтіп, Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы шекараны байланыстыру арқылы екі елдің ортақ жеңістегі тарихи рөлін бейнеледі. Эстафета барысында соғыс батырларын еске алумен қатар, келешек ұрпаққа бейбітшілікті, ел бірлігін сақтау туралы маңызды ойлар жеткізілді.
«Жеңіс эстафетасы» — бұл өткенге тағзым ғана емес, бүгінгі ұрпаққа аманат, болашақ үшін берік негіз. Бұл шара халықтарымыздың мәңгілік мұрасы мен достығының жарқын көрінісі ретінде тарихта қалары сөзсіз.