дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 21:02

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Білім саласында атқарылған оңды істер көп

Білім саласында атқарылған оңды істер көп
el.kz
Бүгінгі күннің басты талабы еліміздегі білім саласын биікке көтеру болып тұр. Өйткені білімі мықты елдің ұрпағы білікті болып, Отанының тұтқасына айналып, тұтас әлемді зерделей алатынын өркениетті елдердің өрелі тірлігінен көріп отырмыз. Сондай шыңға көтерілу жолында Қазақ елі де өзіндік қимыл-қарекетін жасап жатыр. Мұндағы мақсат – білім сапасын арттыру, дамыған елдердің қатарына қосылу.

Оқу-ағартуға деген оң көзқарастың арқасында Тараздың білім саласы да толағай табыстарға кенелуде. Айталық, қазіргі таңда 223 білім мекемесі жұмыс істейді. Оның115-і мемлекеттік мекемелер болса, 108-і жекеменшік білім беру ұйымдары. Оқу ордаларына 108 417 бала қамтылып, оларды 10 мыңнан астам педагог білім нәрімен сусындатуда. Сондай-ақ қаланың білім беру саласына 2024 жылы 71 миллиард 84 миллион теңге бөлініп, өткен жылмен салыстырғанда 7,2 пайызға өскен.
Үздіксіз білім берудің алғашқы баспалдағы – мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту екені белгілі. Мәселен, бүгінгі күні шаһардағы 154 мектепке дейінгі ұйымда 23 048 бала тәрбиеленуде. Осылайша мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылғандар үлесі 1-6 жас аралығында – 83, 2-6 жас аралығында – 88,2, ал 3-6 жас аралығында 100 пайызды құрап отыр.

 Мемлекеттің кең қолдауының арқасында мұғалімдер мен оқушылардың жетістіктері жыл сайын жақсарып, нәтижелері қуантуда. Атап айтсақ, 2022-2023 оқу жылында интеллектуалдық олимпиадалар мен ғылыми жоба жарыстарының облыстық кезеңінде оқушыларымыз – 253, республикалық, халықаралық кезеңінде 50 жүлделі орын алып, 2022 жылмен салыстырғанда жүлдегерлер үлесі 14,2 пайызға артты. Сондай-ақ қаланың 6 мектебі Қазақстан Республикасы олимпиада мектептері рейтингісіне енгізілді. Оның ішінде Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясы мен №40 гимназия республика көлеміндегі «Үздік олимпиада мектептері» тізімінен көрінді. Бұған қоса халықаралық деңгейдегі «Иран олимпиадасы», «Өмірбек Жолдасбеков атындағы ғылыми жоба», «Математика және жобалау» интеллектуалдық жарыстарында 8 өреніміз жүлдегер атанды.
2012 жылдан бастап республика көлемінде өткізіліп келе жатқан «Үздік педагог» атағын беру конкурсына қала мектептерінің педагогтары да жыл сайын қатысып, зор нәтижеге жетуде. Айталық, 2023 жылы республикалық «Үздік педагог-2023» конкурсында екі мұғаліміміз жеңіске жетті. Олар – Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназияның география пәнінің мұғалімі Рауан Ошақбаев пен математика пәнінің мұғалімі Айнұр Нұралиева. Бүгінге дейін қала мектептеріндегі 11 мұғалім осы атаққа ие болған. Бұдан бөлек, «Үздік авторлық бағдарлама» республикалық байқауында №45 гимназияның тарих пәнінің мұғалімі Тоғжан Лаубай ІІІ орынды олжаласа, жас математиктер арасындағы Х халықаралық байқауда Б.Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясының математика пәнінің мұғалімі Бауыржан Кеңесов І орынға қол жеткізді. Ал «ІMPACT Olympiad» V халықаралық ашық шығармашылық конкурсында №49 мектеп-гимназияның мұғалімі Айбек Мұратбаев, №5 мектеп-гимназияның ұстазы Думан Убишов III дәрежелі дипломдармен марапатталды. «Педагогикалық идеялар панорамасы» республикалық конкурсында 18 педагог жүлделі орынға ие болды.
Атақты ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі», – деген екен. Бұл сөздің растығын өмір тәжірибесі талай мәрте дәлелдеді. Осы орайда біздің ата-бабаларымыз тәрбиенің орны бөлек екенін жақсы білген. Өйткені ұрпаққа үлгілі тәрбие бере алу – қоғамның өзін, елдің тірегін қалыптастыру. Соның ішінде балаға өнегелі тәртіп пен құқықтық тәрбие бере білу – өлшеуі жоқ қазына.
Әрине, тәрбиенің алғашқы негізі отбасында қаланады. Бүлдіршін алғашқы адамгершілік қасиеттерді де, еңбек әліппесінің алғашқы беттерін де өз үйінде ашады. Ұлттық педагогикада «Тәрбие отбасынан басталады» деп тегін айтылмаған. Баланың тәлім-тәрбиесіне ерекше мән берген халқымыз «Баланы жастан» деп те мәтелдеген. Иә, қазақ халқында сонау ежелгі заманнан бері өзіндік тәрбие мектебі, қалыптасқан дәстүрі болған. Ал сол дәстүр отбасында басталып, оқу ошағының қабырғасында берілетін тәрбиемен ұштасады.
Заман ағымына сай балаларды тәрбиелеудің түрлі жолдары қалыптасуда. Жаһандану дәуірінде бұған мектептен тыс тәлім беретін білім беру ұйымдары зор ықпал етуде. Бүгінгі күні шаһарда мектеп жасындағы 13 898 бала қосымша білім беру ұйымдарындағы үйірмелермен қамтылған. Қалалық білім бөліміне қарасты Техникалық шығармашылық орталығы, «Бақытты болашақ» оқушылар сарайы, Балалар көркемөнер мектебі және Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы сынды 4 қосымша білім беру ұйымы қызмет атқарады. Бұдан бөлек, мектепішілік үйірмелерге – 48 364, 579 спорт секциясына 35 020 бала қамтылған.
Мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарының желісін кеңейту және қолжетімділігін арттыру мақсатында тағы да бір қосымша білім беру мекемесін ашу көзделіп отыр. Соған орай «Құмшағал» алқабында Мектептен тыс жұмыс және балалар шығармашылық орталығын ашу үшін ғимарат күрделі жөндеуден өтуде.
Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу мақсатында да кешенді жұмыстар жүргізілуде. Бұл – күнделікті бақылаудағы мәселе.
Мемлекет тарапынан білім жүйесіндегі кадрлық әлеуетті арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Соның бір дәлелі – Президенттің тапсырмасы бойынша мықты менеджерлерді іріктеу және даярлау үшін «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы басталды. Жоба бойынша барлық 5 кезеңнің қорытындысына сәйкес, Республикалық кадр резервіне қала мектептерінен 1 кандидат еніп, бүгінгі таңда №54 орта мектепке конкурссыз тағайындалды. Әлбетте, бұл өз кезегінде білікті мамандардың білім саласындағы басшылық қызметтерге келуіне жол ашады.
Білім саласы жетекші сала ретінде әрдайым зор маңызға ие. Бұл тұрғыда атқарылар жұмыстар бұдан да ауқымды, алдағы жоба-жоспарлар жұмыр. Сондықтан Тараздың білім саласы бұдан да биік белестерді бағындырарына сенім мол.

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар