сейсенбі, 1 қазан, 2024 18:36

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Білімді жастар биік белестерді бағындырады

Білімді жастар биік белестерді бағындырады
ашық дереккөзі
Білімді жастар биік белестерді бағындырады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да – осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз», – деген болатын. Халқымыздың «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» деген ұлағатты сөзінен білімнің баға жетпес үлкен рухани қару екенін, тек рухани қару ғана емес, сонымен қатар аса зор өндіргіш күш екенін білуіміз тиіс. Білімнің қуатына тең келетін басқа идеялық рухани күш-қуат көзі жоқ екені белгілі. Өйткені білім – тек ғылымның іргетасы ғана емес, сонымен бірге тасы өрге домалаған еңсесі биік елдермен терезесі тең мемлекет болудың күретамыры, ел дамуының алтын қаруы. Білім бар жерде даму, жетілу, кемелдену үрдісі бір сәтке толастамайды. Жалпы жастарды қолдау жағынан мемлекет тарапынан ауқымды жұмыстар атқарылуда. Еліміздің болашағы білімді жастардың қолында екенін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құнды құжатта тағы да атап өтті. – Қазіргі жаһандық өзгерістер кезеңінде түлектің білімі еңбек нарығына шыққанға дейін-ақ жеткіліксіз болып қалуы әбден мүмкін. Сондықтан құзырлы министрліктің алдында оқу бағдарламаларын жаңа жағдайға бейімдеу міндеті тұр. Бұл – кезек күттірмейтін шаруа. Елімізде бірнеше оқушы халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанды. Ондай дарынды балаларға жан-жақты қолдау көрсету қажет. Біз оларға жоғары оқу орнына түсу үшін конкурстан тыс гранттар береміз. Бір реттік ақшалай сыйақы да төлейміз, – деген еді Мемлекет басшысы. Бұл қолдау өз кезегінде жастарымызды білім алуға ынталандырып, жетістікке жетуге мол мүмкіндік береді деп батыл сеніммен айта аламыз. Жас ұрпаққа жақсы білім беру үшін, ұстаздың сапалы болғаны ауадай қажет. Президент өз Жолдауында ұстаздарды да моральдық және материалдық тұрғыдан ынталандыру керектігін атап өтті. Сонымен қатар тұрмысы төмен отбасында өсіп жатқан балаларға орта білім берудің жалпыға міндетті стандарты аясында қолдау көрсетілмек. – Білім беру жүйесіне жігерлі әрі білікті мамандар қажет. Мұғалімдерді қазіргідей 5 жылда емес, 3 жылда бір рет қайта даярлықтан өткізуіміз керек деп санаймын. Өйткені олар шәкіртінің бойына жаңа білім сіңіре алатындай нағыз ағартушы болуға тиіс. Бұл ретте ұстаздардың курстан өту үшін өз қалтасынан ақша төлеуіне жол берілмейді, – деді Президент өз Жолдауында. Ана мен баланы қорғау, оларға қолдау көрсету мемлекет үшін маңызды мәселе. Оның ішінде балаға қолдау көрсету жасөспірімнің тек құқығын қорғап, әлеуметтік жағдайын түзеумен шектелмейді. Баланың денсаулығының қалыпты болуы, заман талабына сай лайықты біліммен қамтылуы, тағылымды тәрбиені бойына сіңіріп өсуі де мемлекет үшін маңызды. Қазіргі таңда мектеп, балабақша және басқа да түрлі үйірмелер арқылы жұмыс істейтін шығармашылық немесе қосымша білім беретін орталық секілді балаға білім мен тәрбие беретін кез келген мекеме мамандарының басты міндетінің бірі – жас ұрпаққа жан-жақты білім берумен қатар, оларды ұлттық болмысқа сай етіп тәрбиелеу. Жас ұрпақты оқытып-тәрбиелеу кез келген адам үшін оңай шаруа емес. Ол үлкен жауапкершілікті, ізденіс пен шыдамдылықты қажет етеді. Осы орайда біз Талас ауданының білім бөліміне қарасты балалар мен жасөспірімдер орталығының директоры Айгүл Бескемпіровамен тілдесіп, мекеменің атқарып отырған жұмысы жайлы сұраған едік. Ол жалпы мекеме алты бағытта, яғни қоғамдық-гуманитарлық, тарихи-өлкетану, спорттық-сауықтыру, жаратылыстану-математикалық, көркем эстетикалық, ғылыми-техникалық тұрғыда жұмыс істейтінін сөз етті. Орталықтың аудан бойынша 11 елді мекенінде филиалы бар екен. Соның бірі Ойық ауылында өз алдына ашылған филиал болса, қалғаны ауыл мектептерінде. Ауылдық жердегі білім ошақтарында орталықтың екі-екіден педагогтары жұмыс істейді екен. – Қазіргі заман баламен жұмыс істейтін мұғалімнен жан-жақты білімді, жаңа ақпараттық технологиялармен қаруланған, өз ісіне жетік, озық ойлы болуын талап етіп отыр. Себебі баламен жұмыс істейтін маманның тұлға қалыптастыруға әлеуеті жетерлік болса, онда ондай ұстаздың қолынан шыққан балалар жаман болмайды. Десе де оқушының жеке тұлғалық қасиетін дамыту үшін баланың шығармашылық мүмкіндігінің келісті болуы да басты рөл атқарады. Сондықтан біз әр оқушының неге қабілетті екенін анықтап, сол бойынша оның шырағын жағуға мейлінше күш саламыз. Өзіміздің мекеме арқылы біз оқушының бос уақытын тиімді пайдалануға барынша атсалысамыз. Мектепте мұғалім, үйде ата-ана бала тәрбиесімен айналысса, орталықта біз де бала бойына тұлға болып қалыптасу жолындағы тағылымды тәрбие мен білімді сіңіреміз, – дейді Айгүл Шаймерденқызы. Аталған орталықтың тәлімін алып жүрген бірқатар оқушы биыл «BaIbuIaq» балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы ұйымдастырған V республикалық «Көктем шуағы», ІV халықаралық «Мен өмірді жырлау үшін келгенмін» атты байқауға, ІХ ашық республикалық балалар бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер сайысына, республикалық «Akberen Education», «Абай оқулары» конкурсына, «JANARGAN QAZAQSTAN» атты республикалық өнер-білім байқауына, «Өркен» ІХ ашық республикалық балалар бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер және басқа да республикалық, облыстық деңгейдегі додаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болыпты. «Ұлттық қолөнер» үйірмесінің жетекшісі Венера Мұратбекова оқушыларға әр сабақта алдарына қойған мақсаттарына жауапкершілікпен жетуге, қызығушылықпен қатысуына ықпал етуге тырысатынын айтады. Ол: «Менің сабағым ұлттық қолөнерге қатысты болғандықтан бала бойына ұлттық құндылықтарды да сіңіруге тырысамын. Ұлт болашағы – жас ұрпақтың нәтижесінде екенін ешқашан ұмытқан емеспін. Сондықтан озат тәжірибелі ұстаздардың сабағына қатысып, әдіс-тәсіл алмасып тұрамын», деді. Мұндағы маманның бірі – Арайлым Қайратқызы. Ол көркем эстетикалық бағыт бойынша үйірме жетекшісі болып еңбек етеді. Айтуынша, 3-5-сынып аралығындағы балалар үйірмеге аптасына екі мәрте келеді екен. – Бала тәрбиесіне жіті көңіл бөлген халықтың бірі – қазақ. Ата-бабамыздың балаға ұлттық тәрбие беруде ғасырлар бойы жинақталған әдіс-тәсілдері өте көп. Адамның алдында тұрған ең ұлы мұрат пен мақсат-мүдденің бірі – өз ізін жалғастыратын, артында қалатын ұрпағына саналы, салиқалы тәрбие беру. Ұрпағымызды жан-жақты жетілген, ақыл-парасаты келіскен, мәдени-рухани ой-өрісі озық азамат етіп тәрбиелеу үшін халықтық салт-дәстүрлердің, әдеп-ғұрыптың алатын орны айрықша. Сабақ барысында осы тектес мәселелер негізге алынады. Баланы өз ойын шапшаң әрі көркем жеткізуге баулимыз. Оқушылардың мектепте алған оқу-тәрбие үрдісін әрі қарай дамыту үшін бар мүмкіндікті жасап, қабілетін шыңдаймыз. Көркем әдебиет жанрына байланысты өлең, шығарма жазуды үйретеміз. Қоғамдық белсенділігін дамытуға да атсалысамыз. Осы тектес артықшылықтар бала бойына сіңіріліп, олар ақылы толысқан, ұлттық болмысымызға сай парасатты азамат болып өседі. Сол кезде біз сіңірген еңбектің нәтижесін қоғам көреді, – дейді ол. Бала болашағына өскен ортасы мен алған тәрбиесі ықпал ететіні белгілі. Демек, ұлттық тәрбиемен сусындаған жасөспірімнің ертеңгі күні ержеткенде опық жемейтіні анық.

Нұрым Сырғабаев

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар