Жаңалықтар

“Бір бөлмеде 9-11 студент тұрады”. Депутат Қазақстандағы жатақханалардың сын көтермейтін жағдайын баяндады

“Бір бөлмеде 9-11 студент тұрады”. Депутат Қазақстандағы жатақханалардың сын көтермейтін жағдайын баяндады

Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың атына депутаттық сауал жолдай отырып, Қазақстандағы ірі университеттердің жатақханаларындағы проблемаларды қозғады, деп хабарлайды jambylinfo. Депутат атап өткендей, Ғылым және жоғары білім министрлігінің деректері бойынша елімізде             380 студенттік жатақхана бар. “Алайда, жатақханаларда 23,7 мың орын тапшы. Бұл мәселе қазіргі таңда Алматы, Астана, Шымкент қалалары мен Солтүстік Қазақстан облысында өзекті. Биыл қаңтар айының басында өткен халықпен кездесуде Respublica партиясының бірқатар мәслихат депутаттарымен бірлесіп, студенттердің сұранысы бойынша Астана мен Алматы қалаларындағы және Алматы облысындағы бірнеше студенттік жатақханаларға барып, олардың жағдайымен таныстым”, - дейді ол. Нұргүл Таудың айтуынша, өзі аралап көрген жатақханалар білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келмейді. “Мәселен, С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медициналық Университеті жатақханаларының тозығы жеткен. Оларға шұғыл түрде жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Жатақханадағы студенттердің жуынатын бөлмелерінің тазалық жайы ешбір сын көтермейді. Бұл, әсіресе, медицина саласындағы университетке сай келмейтін жат жағдай. Астана Медицналық Университетінің жатақханаларында студенттер арасында бір шағын бөлмеде 9-11 адамнан тұру қалыпты жайтқа айналып кеткен. Сондай-ақ, аталған жатақханаларда үй-жайларын жөндеуге және күтіп ұстауға қойылатын талаптарды қатаң сақтауды қадағалау мәселесін қолға алу қажет”,-дейді ол. Сөзін қорыта келе Нұргүл Тау елдегі студенттік жатақханаларға қатысты мәселелерді шешу үшін бірқатар ұсыныстарын жария етті. “Біріншіден, жеке кәсіпкерлік субъектілерімен мемлекеттік-жекеменшік серіктестігін құру арқылы студенттерге арналған жатақханаларды салу және оның қызметін ұйымдастыру бойынша жаңа ұлттық жоба құру («Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы). Бұнда, құрылыс және басқа да шығындардың жартысын өтеу мақсатында «краудфандинг» тетігі бойынша жеке және заңды тұлғалардан инвестицияларды тарту ұсынылады. Жатақханаларда тұру бағасын қадағалау мақсатында мемлекет басты инвестор болуы қажет. Аталған тетік арқылы студенттік жатақханалар салу Ұлыбритания мен Германияда тиімді қолданылуда. Екіншіден, облыстық және республикалық маңызы бар қалалардың тұрғындарына басқа өңірлерден келген студенттерге бөлме жалға беру және оларды тамақтандыру үшін қаражат төлеу және оны қадағалау тетігін енгізу қажет (Осыған ұқсас «Host Family» бағдарламасы Ұлыбританияда іске асуда). Үшіншіден, Үкімет тарапынан еліміздегі тозығы жеткен, санитариялық-эпидемиологиялық және басқа да заңнамада белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін жатақханалар бойынша тиісті шешімдер қабылдау ұсынылады («Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне несие беру кезінде тәуекелдерді азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы заң жобасында ұсыныс бар). Төртіншіден, квазимемлекеттік компаниялардың студенттерге арналған конкурстар/ғылыми сайыстар өткізу арқылы жастардың пәтерді жалға алу қаражатын төлеу гранттарын енгізуді ұсынамын. Бесіншіден, барлық жоғары, техникалық және кәсіптік оқу орындарын студенттерді толықтай жатақханамен қамтамасыз етуге міндеттеуді және осыған қатысты жауапкершілікті аймақтардың бірінші басшыларына жүктеуді сұраймын”,-деді ол.