Жаңалықтар

Бір күнде екі балабақша ашылды

Бір күнде екі балабақша ашылды

  Бала тәрбиесінде және оларды мектепке дайындауда балабақшаның алар орны ерекше. Шу ауданына қарасты Ақсу және Мойынқұм ауылдарында «Нұршуақ-2» және «Neet mubarak» деп аталатын екі бірдей жаңа балабақша пайдалануға берілді. «Нұршуақ-2» балабақшасының ерекшелігі ағымдағы жылдың соңына дейін бүлдіршіндерді тегін қабылдайды. Сонымен қатар үш ауылдың балаларын балабақшаға тегін тасымалдайды. Жаңа нысанның құрылыс жұмыстарына 100 миллион теңге бөлінген.  Мектепке дейінгі мекеме 200 орынға есептелген.  Білім ұясының ашылуы нәтижесінде 40 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Елу орынға есептелген екінші жаңа балабақшаның құны 25 миллион теңгені құрайды. 10  адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жұртшылықтың көптен күткен қуанышын бөлісуге Шу ауданының әкімі Сәкен Арубаев арнайы барып, салтанатты шарада ізгі лебізін білдірді. "Қазіргі таңда Шу ауданында 23 мемлекеттік, 16 жекеменшік  мектепке дейінгі білім мекемесі бар. Олардың қатары жыл сайын артып келеді. Ашылғалы тұрған балабақшалар Мемлекет басшысы жариялаған "Балалар жылына " тамаша тарту екендігі сөзсіз. Сондықтан осы істі қолға алған жандарға, құрылысты жүргізген мердігерге алғыс айтудың жөні бар деп есептеймін. Алдағы уақытта мұндай игі жұмыстар жалғасын табады», - деді аудан басшысы.