Жаңалықтар

Бір әулеттің 11 адамы суға кетті: Түркістан облысының басшылығы оқиға орнына барды

Бір әулеттің 11 адамы суға кетті: Түркістан облысының басшылығы оқиға орнына барды

Түркістан облысының басшылығы Сырдария өзеніне батып кеткен адамдарды іздестіру жұмыстарын бақылау үшін оқиға орнына барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Осы уақыттағы жағдай бойынша, суға кеткен 11 адамның сегізінің денесі табылды. Қалған 3 адамның мәйітін іздеу жалғасып жатыр. Олардың баршасы Көксарай ауылында тұратын бір әулеттің адамдары. «Жағдай облыс басшысы Дархан Амангелдіұлының тікелей бақылауында. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлыпхар Жолдасов пен облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев аталған жерде болып, нұсқаулықтар жүргізді. Қайғы жамылған әулеттің үйіне барып, көңіл айтты. Тиісті көмек ұйымдастырылатын болады», - делінген Түркістан облысы әкімдігі таратқан хабарламада. Қазір оқиға орнында 144 бригада, 16 техника, 6 жүзу құралы жұмыс істеп жатыр. Іздестіру шаралары түнде де тоқтаған жоқ. Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті жанынан жедел штаб жұмыс істеп тұр. Еске салайық, қайғылы жағдай Отырар ауданындағы Сырдария өзенінен өтетін көпір маңында болды. Суға кеткендердің барлығы 4 ағайындының отбасы мүшелері, олар тыйым салынған жерге шомылуға барған.